Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

80 томдық кітапханада талданып жатыр

    Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру аясында, облысымыздың 80 жылдығына орай «Тараз мұралары» тарихи-танымдық көптомдық жинақтарын дайындау жөнінде жұмысшы тобы құрылған болатын. Ол топ тарих және әдебиет бағытында ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізіп, 80 кітапты әзірлеп шығарған.

   Жақында аталған жұмысшы топ мүшелері Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Бродкастинг» залында «Тараз мұралары» тарихи-танымдық энциклопедиялық көптомдық жинағын шығаруға байланысты атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында алғаш сөз алған белгілі ғалым Сәмен Құлбарақ аталған көптомдықтың 9 кезеңге бөлініп, Қазақ хандығына дейінгі әдебиет, Қазақ хандығының дәуірі, «Елім-ай» кезеңі («Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»), XIX ғасыр, XX ғасыр, ашаршылық және саяси-қуғын сүргін жылдары, Ұлы Отан соғысы жылдары, Ұлы Отан соғысынан кейінгі және 80-90 жылдардағы әдебиет, Тәуелсіздік дәуірі қамтылғанын кеңінен әңгімеледі. Филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев көптомдыққа жинақталған аңыздар, батырлар жыры, айтыстар, салт-дәстүр жырлары бойынша атқарылған жұмыстарды қызықты баяндаса, жұмысшы топ мүшесі Бақытжан Мақашев Мұхамед Хайдар Дулатидің еңбектеріне тоқталды.

   Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры, тарихшы Сауран Қалиев Жамбыл өңірінің киелі, қасиетті жерлері, белгілі тұлғалар жайлы кеңінен толғап, олардың кітапта қамтылуы жайлы сыр шертті. Ғалым 80 томдықта еліміздің Тәуелсіздік жылдарының қамтылуын да жан-жақты әңгімелеп, елдің еркіндігі ең бағалы құндылық, осы жолда тер төгіп келе жатқан тұлғалардың еңбеккерлердің еңбегі барлық құрметке лайық екеніне тоқталды. Өңір шежіресін қамтыған 80 томдыққа белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин, журналистика саласының ардагері Тұрсынхан Толқынбайұлы, облыстық «Тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәуренбеков және марқұм, Қазақстанның Құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулет ерекше атсалысқаны жиын барысында айтылып, Мақұлбек Қайыпбекұлының рухына да құрмет көрсетілді. Жиын соңында іс-шараға қатысушылар БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Жиыннан соң Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директорын сөзге тартқан едік.

   - Өңірдің 80 жылдық тарихын қамтыған 80 томдық кітаптың әр парағының маңызы бөлек. Бұл көптомдықты облыстық кітапханалардан бөлек, қалалық, аудандық, ауылдық кітапханаларға тегіс тараттық. Қазір барлық деңгейдегі кітапханашылар газет беттерінде, әлеуметтік желідегі парақшаларда әр томдыққа терең тоқталып, талдап, жазбалар жазып жатыр. 80 томдықты насихаттау жұмыстары келесі жылы да кең көлемде жалғасады. Себебі кітапта қалған жазбалардың маңызы бөлек, - деді аталған кітапхана директоры Эльмира Әбдинова.

 

Есет Досалы

«Aq jol».- 2020 жыл.- 5 қаңтар (№1).- 5 б.

Яндекс.Метрика