Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Парасаттылық парақорлықтан сақтандырады

    Жемқорлықты түп-тамырымен жою - күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе. Біз бүгінде өркениетті еліміздің дамуына тұсау, кемелденуіне кедергі келтірер қоғамдық дертке айналған бүл індетпен күресуде қарқынды жұмыстар атқарудамыз. Сыбайлас жемқорлықпен күресудің басты бағыттарының бірі - халық арасында ағарту, насихат жұмыстарын тереңінен жүргізу, қылмысқа итермелейтін қауіпті әрекеттерді болдырмау, азаматтардың сана-сезімін, сенімін, ішкі жан дүниесінің тазаруына ықпал етіп, жүрегіне иман ұялату.

   Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі міндеті – парасаттылық идеологиясын ілгерілете отырып, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.

   Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Парасат жолы» жобасының салтанатты түрде таныстырылымы өтіп, жоба облыстарда өз жалғасын табуда.

   Бұл жоба - адалдық, парасаттылық, ізгілік, даналық, әділдік, қамқорлық, қайырымдылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ мәдениет, әдебиет және руханиятты негізге ала отырып, келелі әңгімелер арқылы қоғамда парасаттылық идеологиясын қалыптастыруға бағытталған. Яғни өскелең ұрпақты өнегелі іске бастайтын жоба.

   Анығында «Парасат жолы» Ұлы даланың іргелі құндылықтарымен біте қайнасуы керек. Соның ішінде қазақ даласының ұлы перзенті хакім Абай XIX ғасырда «толық адамға» тән негізгі қасиеттерді тізбектей келе, пайым-парасатқа тұнық тұлға үшін бастысы адалдық пен білімге деген ұмтылыс екендігін елеп-екшеп көрсеткен.

   «Парасат жолы» жобасы парасаттылық мәдениетін қалыптастырудың берік іргетасын қалап, болашақта тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюдың бірегей жобасына айналуы тиіс деп есептеймін.

Эльмира АБДИНОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап

ғылыми кітапханасының директоры

ARAI.-2021 жыл.-18 ақпан (№7).-3 б.

 

Яндекс.Метрика