Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

«Ұлы Дала» ұғымы - ұлы ұғым

   Тәуелсіздігіміздің тұғыры көтеріліп, көк байрағын желбіретіп, әнұранымызды асқақтата шырқап келе жатқанымызға биыл 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде мемлекеттілігіміздің мәңгі салтанат құруына аянбай тер төгіп, көш бастаған кемеңгер Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көптеген Жолдаулар мен жарғылар, бағыт-бағдар мен бағдарламалық мақалаларды көпке ұсынып келе жатыр.

   2018 жылдың 21 қарашасында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының заңды түрде жалғасы ретінде «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Мақаланы автордың «Кеңістік - барлық нәрсенің, ал уақыт - бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», - деп бастауының өзінде салмақты ой жатыр.

   «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі бөлімнен тұратын мақаланың негізгі мақсаты - ұлттық кодты сақтай отырып, түбі түркі қазақ ұлтына тән Ұлы Даланың жеті қырын айшықтау, дәріптеу, жаңғырту. Алғашқы бөлімде атқа міну мәдениетін, байырғы металлургия, аң стилі, алтын адам, түркіліктің түп-төркіні, Ұлы Жібек жолы тораптары, сондай-ақ алмамыз бен ең аяғы қыр гүлі қызғалдақ жайлы сөз қозғалады. Екінші бөлім: Архив - 2025, Ұлы Даланың ұлы есімдері, Түркі әлемінің генезисі, Ұлы Даланың ежелгі өнері және технологиялар музейі, Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы, тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі тақырыптарынан тұрады.

   Мақала Ұлы Даланың ұлылығын айтып, қазақы жаратылысымызды сақтауға, тарихи сананы жаңғыртуға шақырады. Тарих - біздің істеріміздің өткенінің куәсі, қазіргіміздің үлгісі мен өнегесі, ал болашағымыздың асыл қазынасы. Біз Ұлы Даланың ұрпағы ретінде Елбасымыздың халық қамы үшін жасалған әр ісін қолдаймыз. Тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген құндылығымызды құнттау әрбіріміздің міндетіміз.

 

Сәрсенкүл ЖҰМАНОВА,

   Ш.Уәлиханов атындағы облыстық

                                                                         ғылыми-әмбебап кітапханасының

мерзімді басылым секторының меңгерушісі.

«Aq jol».- 2021 жыл.- 20 ақпан (№21).- 5 б.

Яндекс.Метрика