Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Ақынды ардақтайтын – елі

   Серік Томанов біз білетін көп ақынның бірі емес. Ол - өлеңді, өнерді пенделіктен биік қойған, өмір мен өлеңнің арасынан шындық іздеген тағдырлы ақын. Таластан шыққан тума таланттың өзегін жарып шыққан ғазал жырдың кез келгені жанды болуы - өлеңнің шындыққа құрылуында жатыр. Сондықтан да ақынның қай өлеңі де өміршең.

   Небәрі 47 жыл ғана ғұмыр кешсе де өз жолымен жүріп-ақ, өз биігін жасап кеткен шайырдың артында мәңгі өшпес мол мұра бар. Ақынның «Пәруана», «Жұлдыздан терем өлеңді», «Тығырық», «Адасып жүрген ақбөкен едім» атты басқа да өлеңдер жинағы уақытында оқырманынан биік баға алған. Серік Томановтың «Аққулар», «Қызыл көйлек киген қыз», «Сатушы қыз», «Аузынан айдың түскен қыз» секілді бірнеше өлеңіне Орынбасар Әбжаппаров, Сәрсенбек Бәкір сынды жергілікті композиторлар ән жазған. Осындай талант иесінің туғанына биыл 65 жыл толып отыр. Кеше Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен ақынды еске алуға арналған келелі кеш өтті. Ақынның туған күнінде ұйымдастырылған рухани кешті аталған филиалдың төрағасы, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, ақын Хамит Есаман ашып, жүргізді.

   Үздік мемлекеттік қызметкер, Серік Томановпен бір сыныпта оқыған, балалықтың бал дәуренін бірге бөліскен Үртай Сапақова Таластың топырағында туып, талантымен талайды мойындатқан ақын жайлы терең толғанды.

   - Серік Томановпен Талас ауданының бұрынғы Амангелді, қазіргі Тамабек ауылында бір мектепте, бір сыныпта оқыдым. Бала кезінде ол тұйық болатын. Десе де көп ортасында оның тарапынан айтылатын пікір нық еді. Оның жас ақын ретінде өлең жазғанын білмейді екенмін. Бірақ физика, математика сынды жаратылыстану пәндеріне жүйрік болды. Жасыратыны жоқ, барлық сабақты «5»-ке оқиды деген озат оқушылардың өзі есепке келгенде Серікке жол беретін. Кейіннен ол туған ауданындағы қазіргі «Талас тынысы» газетіне жұмысқа тұрды. Алматы қаласында республикалық «Балдырған» журналында еңбек етті. Жан қалауымен туған жерге оралғанда жақын араласа бастадық. Сыныптасы ретінде мені жұмысқа іздеп келіп, өлеңдерін оқитын. Бірге поэзия тақырыбында ой тербеп, шер тарқататынбыз. Оның кез келген туындысы, әр өлеңі, әр шумағы салмақты, адамды тебірентпей қоймайды.

   Негізінен Серік ақын ретінде әлі өз бағасын алған жоқ. Уақыт сырғып жатқанымен, ақынның лайықты бағасын беруге келгенде біз баяу қимылдап жатырмыз. Тіпті ешқайсысымыз ол туралы әлі ештеңе тындырған жоқпыз. Мұндай таланттардың кеші облыстық деңгейде, керек болса, бюджеттен қаржы қарау арқылы кең келемде аталып өтуі тиіс - деді ол.

   Тегінде, әйел адам үшін ақынға жар болу оңай емес. Ақынның мінезі, болмысы өзгелерден ерек болатыны ақиқат. Кеш барысында тағдырлы ақынмен бірге жасасып, өмірдің ыстық-суығына бірге төзген өмірлік жары Бибігүл Оразбаева да сөз алды. Ол жарының көзін көргендердің еске алу кешіне келгеніне ілтипат білдіріп, кешті ұйымдастырушыларға алғыс айтты. С.Томановтың атақ-мансап қумағанын, Алматы қаласындағы қызметін тастап, елге оралуды, шығармашылықпен ел ішінде жүріп айналысуды жаны қалағанын, жарының арқасында Ф.Оңғарсынова сынды талантты адамдарды жақыннан танығанын, Серік Томанов сазгер О.Әбжаппаровпен шығармашылық байланыста болғанында қазақтың біртуар ұлы Ш.Қалдаяқов өзі жайған дастарқаннан дәм татқанын сөз етті. Жарының балаларына үнемі «Кітап оқыңдар, кітап оқыған адамнан жамандық шықпайды», деп ұл-қызына әке ретінде дұрыс тәрбие бергенін, қасында кілең жақсы адамдар жүргенін, ақынның «Жұрт мені өмірден көшкеннен кейін іздейтінін ішім сезеді, сол кезде сен мен туралы естелік айтып отыратын боласың» деген сөздерін тебірене еске алды.

   Бұдан кейін уақытында Серік Томановтың қасында бірге жүрген рухани інісі, белгілі ақын Маралтай Райымбектің Алматы қаласынан жолдаған естелігін бейнежолдаудан көруге кезек берілді. Басқосу барысында ақынның көзі тірісінде бірнеше мәрте кеш өткізіп, жас ақындармен арада шығармашылық байланыс орнатуға себепкер болған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы Сейсекүл Исматованың да естелігі рухани кешті толықтыра түсті. Ол С.Томановпен қалай таныс болғанын сөз етіп, ақынның шығармашылық әлеуеті жайлы, университет жанынан 2000 жылға дейін «Жалын» атты жастар бірлестігі құрылып, оның маңайына топтасқан жастар арасында С.Томановтың өлеңіне құмар болған, ақынмен кездесуді жаны қалаған студенттердің қатары көп болғанын, бүгінде олардың алды арқа сүйер азаматқа айналғанын толғаныспен жеткізді.

   Талас ауданынан арнайы келген аудандық мәслихаттың хатшысы Қадырбек Садубаев шайыр шығармашылығына тоқтала келе, ақын жарының иығына қамзол жапты. Сазгер С.Бәкір С.Томановпен 1998 жылы танысып, 5 жылда 5 ән жазғанын тілге тиек етті. Талас ауданының Құрметті азаматы Пернебек Оспанов та өз ойын ортаға салды.

   Келелі кездесуде әнші Мадина Сағынбекова ақын сөзіне жазылған О.Әбжаппаровтың «Аққулар» әнін орындаса, ақынның тағы бір рухани інісі, ақын Азамат Есалы, жасында бірге өскен досы, ақын Асқарбек Айдаров, жас ақын Елдар Боранбек өлең оқыды.

   Танымал жазушы Көсемәлі Сәттібай бала кезінен бірге өскен, үй арасында үй жоқ көршісі әрі ағайыны С.Томановты еске алу ауыр соққанын, өмірде оны аға тұтқанын айтты. Ақын ағасының өзінен үш жас үлкендігін білдіріп, кітап оқуға, білімді болуға кеңес бергенін, шығармашылық адамы болуға С.Томанов әсер еткенін тебіреніспен жеткізді.

   Бұдан кейін сөз алған ақынның ұлы Еркін Жапаров әкесі туралы тереңінен ой тербеп, аты алты алашқа танымал ақынның ұлы болу үлкен жауапкершілік жүктейтінін, кезінде әкесінен алған тәлім-тәрбиесі бүгінгі өміріне бағдар болғанын сөз етті. Ақын атын ардақтауға арналған басқосуды Хамит Есаман қорытындылады.

Нұрым Сырғабаев,

«ARAI» .-2021 жыл.-5 наурыз (№10).-8б.

 

Әкіммен әңгіме

 

Ақкөз ақын мен болсам,

Қызыл көз әкім сен едің.

Қой бағып мен қор болсам,

Қор болдың-ау демедің.

 

Қабандай боп жондандың,

Халықты алдап жеп жүріп.

Қаламдай боп мен қалдым,

Қағазымды кеміріп.

 

Қарын кетті сені ертіп,

Қанағаттан аулаққа.

Дарын кетті мені ертіп,

Қала жаққа, тау жаққа.

 

Сенің аузың салымды,

Тақтан таққа мінесің.

Менің аузымдағымды,

Тақпақ па деп күлесің.

                                       

Сен де билік, тақ болса,

Мен бір жүйрік қаламмын.

Алтынға сен аттансаң,

Халқыма мен қарармын.

 

Мен – жүрекпін (Сол артық!)

Халқым үшін қайғы алдым.

Қос аяққа боқты артып,

Сен қарынға айналдың.

 

Мен –дарынмын, сен – қарын,

Айырмамыз сол біздің.

Халқым білер ол жағын,

Мен өлеңді өргіздім.

 

Ақкөз ақынның ары,

Атылса да өлмейді.

Қызыл көз әкімнің малы,

Сатылса қайтып келмейді.

 

Рухани кереңдерге арналған жыр немесе Абайға жүгіну...

 

Құлағыңа қу өлең сіңбей қалып,

Отырсың ба меңіреу түнге айналып.

Түңілдім-ау, қайтейін тым болмаса,

Түсіре алмай санаңа тілдей жарық.

 

Жыр оқысам, жадырап қалар ма деп,

Алынбайтын тап боппын қамалға кеп.

Қалғып кетер бас шұлғып отырып-ақ,

Қалмапты ғой қашанғы қараңғы әдет.

 

Қайта қайтқан дауыстай жарға барып,

Өз үнім тапты өзімді зорға оралып.

Қай шамада қайран ер жүр екенсің,

Құлағыңды құлқынға жалғап алып.

 

Қу өлеңге құлақтың сыртын беріп,

Қай шамада жүрсің сен құлқынға еріп.

Жырға орын табылмай қалды ма әлде,

Жүрегіңді «мүңкіген» мүлкің көміп.

 

«Өлең саған көрерміз мал болар» деп,

Отырмысың күлкіңді зорлап әнтек.

Бақытың да, басқаң да - байлықта деп,

Тура жолды өзіңше таңдаған боп.

 

Бетпе-бет кеп малдымен, мықтылармен,

Қайран Абай сенде де бітті дәрмен.

Мыңмен жалғыз алысқан сөз патшасы,

Мен сені ұқтым әбден, ұқтым әбден.

 

Серік ТОМАНОВ

Яндекс.Метрика