Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

«Жақсылармен сырлассам жадыраймын, ішкендей зәм-зәм суын шөлдегеннен»

      Көңілден күй, көмейден ән есіліп,   

      Далам жатыр дариядай көсіліп.

      Мәңгі көктем, мәңгі жаз боп қалса өмір,

      Бүгінгідей мерейімді өсіріп.

 

      Шат күлкіге қарық болып, құмығып,

      Жарты сөзден бір-біріңді ұғынып.

      Құлындарым, ойнай берші алаңсыз,

      Езулерге ессіз күлкі тығылып,-

 

деп жырлаған екен ақын Айша Көпжасарова «Әже тілегі» атты өлеңінде. Бар болғаны екі шумақ ішінде төгілген мөлдір тілек, селдей тасыған сезімдер, көркем теңеу жатыр. Ақынның әр өлеңі осындай тосын толғаныстан, тебіреніске толы көңіл күйден туатыны анық.

   А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айша Көпжасарованың «Өлең – кие, өлең – өре, өлең – рух» атты шығармашылық кеші өтті. Сахнаның безендірілуі де ақынның өзіндей қарапайым. «Тараз» деген үлкен жазудың арасын кітаптарымен көркемдеуін рухани әлемге деген құрмет деп түсіндік. Өлең кеші «Ақкербез» бишілер ансамблінің биімен ашылып, Үміт Битенованың «Мама» атты әнінің ырғағына жазылған арнайы құттықтау сәтімен жалғасты. Осы толғанысты әннің ырғағымен кітапхананың қызметкер қыздары ақын Айша Жұмағұлқызын сахна төріне құрметтеп алып шықты. Келесі сәтте аталған кітапхананың кітапханашылары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың кештің иесі жайлы ой толғамдарынан үзінділер оқып берді. Мұнан соң Айша Көпжасарова сөз алып, өзін құрметтеген, киелі өлеңді құрметтеген облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Жуалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, облыстық қазақ драма театрының басшылығына, жалпы поэзияға құштар көпшілікке, алпыс жыл мәпелеген асыл жары Бекжігіт Жансейітовке шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ мөлдір сезімге толы бірнеше жырларын оқып, сұрақтарға жауап беріп, сыр ақтарды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық артисі Нұрсифат Салықова ақынды құттықтап, ақ орамал сыйлады. Жазушы Елен Әлімжанның онлайн құттықтауы да жылы жаңбырдай әсерге толы болды. Ол «Айша ақынның өлеңдері өзі секілді биязы, сыңғырлаған бұлақтай мөлдір» деп бағалады. Бұдан кейін ақынның сөзіне жазылған Әбиірбек Тінәлінің «Дегелегім», Мэлс Өзбековтің «Келші, Құланға!» әндерін облыстық филармония әншілері орындады. Іс-шара барысында ақынның ғалым әпкесі, педагогика ғылымына ерен еңбек сіңірген, марқұм Айымкүл Көпжасарқызының адамгершілік болмысы аталып өтті.

   Келесі сәт ақынға арналған тосын сыйларға толы болды. Айша ақыннан Қаратау қаласындағы А.Байтұрсынов мектеп-гимназиясында (бұрынғы №22 партсъезд мектебі) осыдан 50 жылдай бұрын білім алған шәкірті Бағила Арыстанованың құттықтауға келгені ақын үшін үлкен қуаныш болды. Сондай-ақ ойламаған жерден келген келіні Жанна Көркембаева да ақынды қуантып, «Қазақпын» деген өлеңін жатқа оқып берді. Әнші Құрмаш Қуанышбаев шырқаған «Рақмет, ана» әні де көңілден шықты.

   Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Хамит Есаман кеш иесін құттықтай келе: «Айша апайдың есімін оқушы кезімізден білеміз. Қоғамға ой салатын кестелі жырларын оқып өстік. Ақынның сәулелі шығармалары бізге қашанда қымбат», - деп бағаласа, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева: «Айша ақын – қазақ қыздарының символы. Біз ақын әпкемізбен мақтанамыз. Айша ақын осы театрда 20 жыл әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен. Айша Көпжасарованың мерейлі жасына арналған үлкен іс-шара күзде өтеді. Сол уақытта ақынға үлкен құрмет көрсетілетін болады», - деп толғанды. Кеш соңында сахнаға ақынның баласы мен келіні, қазақ эстрадасындағы жұлдызды жұп Бүркіт пен Аиша шығып, бірнеше әндер шырқап, көпшілікке көңілді күй сыйлады. Бұл әндердің барлығының сөзін Айша ақын жазған болатын. Іс-шараға ақындар, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Қайырбек Асанов пен Білім беру ісінің үздігі Үміт Битенова ортақтасып, ақынға құрмет көрсетті.

Жаңа жылда Бақ келер деп білемін,

Өр халқым аман болсын, тек тілерім.

Шаттығы да, мұңы да жанарында,

Елім десем езілер ет жүрегім, - деп шынайы толғанған Айша ақынға біз де ұзақ ғұмыр тілейміз.

Есет Досалы,

«Aq jol».-2021 жыл.-18 наурыз (№31).-8б.

Яндекс.Метрика