«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен дүлдүл ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Филармония шақырады!» атты концерттік бағдарламасы өтті.
«Төрткүл» керуен-сарайында «Мәдени мұра - халық қазынасы» мәдени шарасы аясында бағдарламада филармонияның эстрада әншілері өнер көрсетті.
Ашық аспан астындағы іс-шарада Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Кемеңгерліктің 30 жылы: жаңғырған тарих, жаңарған Тараз» кітап инсталляциясын жасақтап, көрермендер назарына Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 жергілікті автордың туындыларын ұсынды. Еліміздің тәуелсіздік алған сәтінен бастап бүгінге дейінгі жүріп өткен жолын дәріптеу, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау, тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау, жастарға адамгершілік-патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған шараның қала тұрғындарына берері мол екені анық.
Сондай-ақ Жамбыл облыстык тарихи-өлкетану музейі іс-шара барысында музей қорында сақталған бірегей жәдігерлерден жасақталған «Көне жәдігерлер - тарих қойнауынан жеткен құндылықтар» жылжымалы көрмесін ұйымдастырды.
Құралай Ізетбаева,
«Jambyl-Taraz».-2021 жыл.-14 сәуір (№15).-4б.