Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Озғанбаевтың озық белестері

    «Жақсы адам - елдің ырысы, жақсы сөз - жанның тынысы» дегендей, жаны ізгі, көңілі шуақты, ойы терең кісілерді көргенде көңіліңнің жан сарайы ашылып, жадырап сала беретінің бар.

    Біз белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Білім беру саласының үздігі, республикалық «Ардагерлер кеңесі» ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаевты көргенде осындай күй кештік.

    Сексеннің сеңгіріне шыққан ардақты ақсақал баршамызға байсалдылық пен даналықтың, салмақтылық пен сабырдың үлгісін көрсеткендей болды.

    Ө.Озғанбаевтың 80 жылдық мерейтойын еліміздің барлық өңірінде, ірі қалаларда атап өту жоспарланған. Осыған байланысты ғалым аймақтарды аралап, әсерлі кездесулер өткізіп жүр. Қадірлі қонақ Жамбыл жеріне де келіп, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өңірдің зиялы қауым өкілдері және ардагерлермен кездесу өткізді.

    Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев көпшілікті Ө.Озғанбаевтың өмір жолымен таныстырып өтті.

    «Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Жоғарғы Кеңестің және жаңадан құрылған қос палаталы Парламентте Сенаттың тұңғыш депутаты болған академик Өмірзақ Озғанбаевтың мемлекетіміздің дамуына сіңірген еңбегі ерекше. Ғалымның республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің жұмысын жандандыруда да күш жігері мен тәжірибесін аямағанын біз жақсы білеміз. Біртуар тұлға, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы өзінің жүрекжарды сөзінде Өмекенді: «Нағыз азамат бақты да, сорды да елімен бірге көруі тиіс. Өмірзақ Озғанбаев сондай азаматтардың қатарында» деп кезінде жоғары бағалаған болатын. Кекілбаевтан асырып айтар сөзіміз жоқ. Бұл кісінің тынымсыз, нағыз істің адамы екенін байқадық. Біздің өңірге де жұмыс сапарымен бірнеше рет келген. Әр келгенінде ардагерлер кеңесінің жұмысына жаңа бағыт, тың серпін беріп жүрді. Тарихи Тараздың тағылымына терең мән берді. Өмекең «Ресейдің мемлекеттік Думасы және Қазақстан» атты кітабын көрші жатқан қос мемлекетті байланыстыра отырып жазғанын, Ресей Думасына 12 қазақ азаматының депутат болғанын терең зерттеп, мақтаныш еткенінен хабардармыз. Мерейлі жасыңыз құтты болсын! Абыройыңыз арта берсін!», - деді ол. Мұнан соң өлкетанушы Тәкен Молдақынов ғалымнын тарихшы ретіндегі биік болмысына, Тараз қаласын және Ақыртас кешенін зерттеудегі табандылығына тоқталып, ақ тілегін ақтарды. Өңіріміздің ардақты ақсақалы Нарәйм Сейдуалиевтің айтқан тілегі, белсенді ардагер Сайлаухан Ашановтың жыр жолдары көпшіліктің көңілінен шықты. Іс-шара барысында мерейтой иесінің Ұлттық арнадағы «Дара жол» хабарына қатысқан сәттерінен үзінді көрсетілгені, аталған кітапхана ұжымының ғалымға арнап көрме ұйымдастыруы жиынның маңызын арттыра түсті.

    Кездесу барысында Өмірзақ Озғанбаев ағамыз да Жамбылдықтардың көрсеткен құрметіне, жылы лебізіне, ерекше ілтипатына алғысын айтты.

    - Біздер мұсылман қауымға қасиетті болған Құрбан айт мерекесінде кездесіп отырмыз. Өзім осы мерейлі жасымда Жаратушының берген өміріне, мүмкіндігіне өте ризамын. Мәскеудегі Ресейдің Ұлттық кітапханасында, Американың Конгресс кітапханасында, Лондонның Британ музейі кітапханасында болған сәтімде керемет әсерге бөленген едім. Бүгін міне, Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасын аралап шыққан сәтімде де сондай айрықша күй кештім. Жаңа технологиялар, дамудың озық үлгілері мұнда да жеткенін байқап қуандым. Себебі, адамзаттың өркендеуі тек қана кітаппен байланысты болады. Қазіргі әлеуметтік желіні «қызықтап» жүргендер де, түбінде кітапқа оралатыны анық.

    Жамбыл жері, Тараз топырағы - еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Арғы тарихы да терең. Қазақ хандығының 550 жылдығының Тараз жерінде өтуі, игі жақсының басы Таразда қосылуы бекер болмаса керек. Жыр алыбы Жамбыл туған топырақтың қасиетті екенінде дау жоқ. «Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» деп Жәкең жырлаған болса, татулық пен бірлік, тыныштың қазіргі таңдағы басты байлығымыз екені анық. Менің Ресей мемлекеттік Думасы жайлы мәліметтер жинап бастауымның өзіндік тарихы бар. 2005 жылы ҚР Парламенті Сенатының тұңғыш депутаттарының бірі болдым. 2006 жылы Ресей мемлекеттік Думасының құрылғанына 90 жыл толып, Мәскеуде өткен мәртебелі жиында баяндама жасадым. Мінберден түсіп келе жатыр едім бір бейтаныс кісі: «Сіз қай жерде сөйлегеніңізді білесіз бе?» деді.«Анау мінберде сөйледім» деп едім. «Жок сіз осыдан 90 жыл бұрын 26 сәуірде, сағат 10.00-де Николай патша сөз сөйлеген мінберде баяндама жасадыңыз» деді. Бұл жағдай мені ойландырып, Дума жайлы зерттеу жұмыстарын жасауыма қызықтыра түсті. 2006 жылы Думаның 100 жылдығына «Ресейдің мемлекеттік Думасы және Қазақстан» атты кітабымды сыйлыққа ала бардым. Ол кітаптарым Думаның жаңадан ашылған музейіне алғашқы жәдігер ретінде қойылды. Сол жиынға Ресей Президенті Путин қатысты. Жамбылдық барша зиялы қауым өкілдеріне, ардагерлер кеңесіне рақмет, - деді ғалым.

    Келесі кезекте қадірлі қонаққа жұртшылық тарапынан түрлі сауалдар қойылды. Мәселен, өңіріміздің сыйлы қариясы Сағынхан Әміреқұлов режиссер Рүстем Әбдірашев түсірген «Біржан сал» фильмінің бірқатар кемшілігін, әсіресе қазақтың жас қыздарын анайылау көрсеткен тұстарын қайта қарастыруды, ғалымнан сол мәселеге бастамашы болуын өтінді. Бұл пікірді Озғанбаев та қолдады.

    Жиында Өмірзақ Озғанбайұлының «Ресейдің мемлекеттік Думасы және Қазақстан», «Қазақтың шешендігі мен көсемдігі астасқанда», «Жарық жұлдызда», «Тарих тағылымы», «Тағзым» атты бестомдық туындысының тұсауы кесілді. Кітаптың тұсауын облыстың Құрметті азаматтары Оңласын Есіркепов пен Нарәйм Сейдуалиев кесті.

 

Есет Досалы,

«Aq jol». - 2021. - 22 шілде (№87). – 8 б.

Яндекс.Метрика