Ынта бар жерде ынтымақ бар
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Аса ауылында Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Талас, Сарысу аудандарының кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен аймақтық семинар-тренинг өтті.
Семинар «Рухани жаңғыру: қоғамның мәдени дамуының формацияларына негізделген кітапхана» деген атпен Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жұмысымен танысудан басталды. Іргелес жатқан аудандардан келген әріптестеріне аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Аида Қалисаева мекеменің жұмыс барысымен таныстырып, жетістіктерімен және жаңалықтарымен бөлісті.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық кітапхананың ресми сайтының ашылуы салтанатында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Эльмира Абдинова:
- Қазіргі таңда ұлт болашағын айқындайтын, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалуға бағытталған маңызды қадамдар жасалуда. Соның бірі – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың алар орны бөлек. Міне, бүгінде интернет технологияның жетістіктерін пайдалана отырып кітапханалар жұмысының барысымен сайт, онлайн режимдегі байланыс арқылы танысу мүмкіндігіне қол жеткіздік.
2013 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапхана «ЭЛАР сканер план» алса, араға жылдар салып міне, енді сіздер осы керемет техниканың игілігін көріп отырсыздар. Бұның барлығы Елбасы бағдарламасы аясында қолжетімді болған мүмкіндіктер. Бұл деген қарқынды дамудың көрінісі және кітапхана жұмысының ілгері басқанын білдіреді. Себебі, кітапхана қызметкерлері - ата-бабамыздың мол мәдени мұрасын қадірлеп сақтап қана қоймай, халықты қайнар бұлақтан сай латын қарпіне негізделген жаңа әліпби жолымен жарық көре бастаған мұраларымызды тұрғындар игілігіне айналдыру үшін кітапханашыларға жауапты міндет артылып отыр. Сол үшін де біз ынтымақтаса жұмыс атқаруымыз маңызды, - деді.
Семинардың келесі бөлімі Мәдениет үйінде «Кітапхана - рухани жаңғыру жолында» деген тақырыпта жалғасын тапты. Тақырып аясында Жуалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақыт Қанаева, Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Қожаназарова баяндама жасаған соң, кезек жалпы дәріс бөліміне берілді. Дәрісті «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Инновациялық технологиялар және ғылыми-жаратылыстану (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, профессор, психологиялық ойындарды өткізу тренері Шынар Тойғанбекова окып, сыни тұрғыдан ойлауға негізделген тренинг жүргізді.
Түстен кейінгі жалғасқан аймақтық семинар-тренингтің екінші бөлігінде профессор Шынар Тойғанбекова мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының аға оқытушысы, орта білім мазмұнын жаңғырту бойынша тренер Үміт Жаксылықова бес ауданның кітапханашыларымен «Корпоративтік мәдениеттің элементтері мен нышандары» атты мазмұнды тренинг сағаттарын өткізді.
Күнзипа Ситалиева
Шұғыла. - 2017. - 11 қараша (№90). - 1 б.