Жақында Тараз қаласындағы «Рысбаева және КО» ЖШС баспасынан мәдениет саласының майталманы, театртанушы, драматург, ҚР Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлының «Менің заманым мен замандастарым», «Менің сырым мен шыным» атты екі кітабы қатар жарық көрді. Бұл кітаптардың сапалы да, салмақты болып шығуы үшін жинақты түрлі деректермен толықтырып, рухани тұрғыдан үлес қосқан жазушы Елен Әлімжанның, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асановтың, белгілі журналистер Қуаныш Иембердиев, Ахметжан Қосақовтың елеулі еңбектерін айта кеткен ләзім.
Осы аптада Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында салтанатты жағдайда қос туындының тұсауы кесілді.
Автордың жүрегін жарып шыққан қос бірдей кітаптың тұсаукесер рәсімін жүргізген ақын Қасқырбай Нарбатырдың «Елге екі елі шығатын екі кітап беріп отыр» деп сөз бастауы жиынның мәнін дәл аша түскендей болды. Авторға онлайн арқылы Елордадан қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтың ағынан жарылып құттықтап, «Әлекең - руханияттың күрескері» деп бағалап естеліктермен бөліскені Әлібек Әмзеұлына ерекше құрметі деп түсіндік.
Жиында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Лесбек Амалов құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет саласының дарабозына деген жылы лебізін арнаса, Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек таластық жерлестерінің құттықтауын жеткізіп, қос кітаптың көрімдігіне 1миллион теңгенің қаржылай сертификатын ұсынып, азаматтық танытты. Мүндай құрмет Әлібек Әмзеұлының еңбекқорлығына берілген әділ баға деп түсінген абзал. Іс-шара барысында Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев сөз сөйлеп, қалалық мәслихат депутаттары атынан авторға шапан жауып, құрмет көрсетті.
Келесі кезекте сөз алған белгілі журналист, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырзағали кеш иесінің «Менің заманым мен замандастарым» атты жинағына жақсы талдау жасап, ағынан жарылды. Баяндамашының: «Автор азулы Көшек батыр турасында ел аузында қалған аңыз-әңгімелерден тарқатады. Соның бірінде Көшек батыр жекпе-жекте жеңілген қалмақ батырының қабырғасын өкшесімен езіп, қақыратып жіберген екен. Осы тұсты оқып отырып, жолға шыққанда ұзындығы есік пен төрдей үш ат алып жүретін батырдың сом тұлғасын елестетесің. Елестетесің де, көз алдыңа келген батыр бейнесінің қаламыздың орталығында тұрған ескерткішпен еш қабыспайтындығына қынжыласың...» деп толғануымен толық келіспеске шараңыз жоқ. Баяндамашы одан әрі Әлекеңнің Таластың тамаша пейзажын суреттеп ауыл аксақалдарына, ұлағатты ұстаздарына көркемдік галереясын жасаған шеберлігіне айрықша тоқталып, олардың әрқайсысы шығармада түр әлпеті, мінез- құлқына сәйкес, дәл суреттелетінін толғана сөз етті.
Ұлы Отан соғысында Ленинградты азат етуге қатысқан Әмзе қарттың бүкіл құжатын су тасқынында жоғалтып, барлық жеңілдіктен сырт қалғаны, кейін құжаттары қайта рәсімделгенде де майдангердің ешқандай есікті қақпағаны, қайталап айта берген балаларына: «Адамнан сұрағанша, Алладан сұра. Әкеңнің сол соғыстан аман келгені - олжа. Қаншама боздақ қыршын жасында оққа ұшты. Майданда болдым деп үй сұрау, машина сұрау - қанағатсыздық» деген жауабынан Әлібектей азаматтың тектілігі, адалдығы қайда жатқанын анық түсінуге болады. Оны Эльмира Инятқызы кеңінен айтып берді. Баяндамашы автор суреттеген ауыл ақсақалы Қодар бейнесі: «Екі көзі танадай жарқыраған, бетінде қылпық әжімі жоқ, ернінің бұлшық еттері тырсиып тұратын. Онша бойшаң емес, төртпақ кісі болатын» деп суреттеумен кеңінен ашылғанын әдебиетшіге тән талғампаздықпен жеткізді. Баяндамашы сәтті жеткізгендей, автордың: «Бұрынғылар кез келген отырыста Шәмшінің Әбілахаттың, Нұрғисаның әндерін орындап отыра беретін-ді. Бүгін ше? Неге ән салмайды? Тек әншілер немесе композиторлардың өзі орындайды. Сонда бұл әндер көпшілікке арналмаған ба? Бүгіндері келген қонақ та, үй иесі де ән салмайды. Әнші шақырады. Солар ән салады. Отырғандар селқос тыңдайды.
Неге селқос? Себебі, ән жүректі тербемейді, тебірентпейді, тыңдаушыны әлдилемейді? Сөзінде мәні, әнінде қаны жоқ, оған кім елітіп, емірене қойсын?» деген толғанысын айта келе өз сөзін: «Бұл руханиятқа, өнерге жанашыр нағыз қайраткердің сөзі. Өзбекәлі Жәнібеков, Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісовтердің Ә.Әмзеұлының ғұмырында салған ізі де ақ қағаз бетінде сайрап жатыр. «Дәл бүгіндері жалаң қолына жалын ұстағандар өте қажет болып тұр» деп өмірлік ұстанымын нығайтқан ұстаздарын жоқтаған жазушы Өзбекәлінің қайраткерлігін айтқанда - саясаттанушы, Шерағаның шығармаларын талдағанда - әдебиет сыншысы, Сәкен сырларымен бөліскенде - майталман өнертанушы екенін танытады. Бірақ, осының бәрінен де биігі - Әлібек Әмзеұлының жүрек тазалығы. Өмір Әмзеұлын өнер мен руханият әлемінің, қоғам мен саясат сахнасының сан соқпағына салса да, қиыннан қиыстырып жол тауып, інжу-маржанын жия білгені оның ар алдындағы, әдебиет алдындағы тазалығынан болса керек. Сол тазалық әділдікті ту еткен, сол тазалық жұрт бүгежектеп айта алмайтын, шындықты айтқызған, сол тазалық парасат биігіне шығарған» деп түйіндеді баяндамашы өз ойын.
Мұнан соң облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ҚР Ақпарат саласының үздігі Оралхан Дәуіт сөз алып, автордың «Менің сырым мен шыным» атты кітабына талдау жасады.
«Кітап «Қара кемпір» пьесасымен ашылған. Әрине, белгілі ақын Жақсылық Сәтібеков пен композитор Алтынбек Қоразбаевтың бірлесіп жазған «Қара кемпір» әнін білмейтін қазақ кемде-кем. «Сағындым, Жексенқұлым, Қосшығұлым, өзекті жарып шыққан қос шыбығым» деп басталатын зарлы ән әр қазақтың құлағына сіңіп, тыңдаған адамның жан дүниесін астаң-кестең қылатыны бар. Әнді егіліп тыңдап қана қоймай, ол әннің тарихынан да жұрт ептеп хабардар. Өйткені өлеңнің шымыр шумақтары соғыстан оралмай қалған қос перзентінің жолына қарайлап, әр күнін қыр басында сарғайып күтумен өткізген қарт ананың зарын, күйінішін шынайы жеткізіп тұр. Енді осы бір оқиғаны шығармасына арқау етіп, өз алдына пьеса етіп шығаруда автор таныс көріністерді қайталай отырып, көрерменді жалықтырып алмай ма деген де күдігімнің болтаны рас. Өйткені төңірегіндегі ағайынның барлығы «жынды» деп атайтын қара кемпірдің әр күні Қызылсайдың қырат- қырат белесін аралап, қос ұлының тойына деп жинаған малды бағып, әр түні ағыл-тегіл жылаумен өткенін көпшілік өлең арқылы жақсы біліп алған. Ендеше қос ұлын зарыға күткен қарт ананың қайғысын ғана егіліп жырлаумен бір пьесаны алып шығу мүмкін бе? Тек бір әнге ғана байланып, сол әннің шумақтарында айтылған дүниелерден ұзап шыға алмай қалмай ма? Міне, бұл сұрақтар авторды да қатты ойландырса керек. Дегенмен де Әлібек Әмзеұлы драматургия саласының мүмкіндіктерін шексіз пайдалана отырып, осынау таныс дүниені ары қарай дамытып, қосымша кейіпкерлер, қосымша деталь, диалог, суреттер беру арқылы әп-әдемі шығарма тудырған дейді баяндамашы.
Ал белгілі әдебиетші, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ автордың кітаптағы көркем тіліне тоқталып, Әмзеұлы мен маркұм, жазушы Мақұлбек Рысдәулет арасындағы достықты ерекше толғана әңгімелесе, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асқарбек Сейілхан автордың Аскар Тоқпановты, театр корифейлері атанған Шәріпбай Сәкиев, Алтын Ружовалардың образдарын кереметтей дәл ашқанына, шындықтың шырақшысы болған, Алаштың ардақтысы Шерхан ағамен қарым-қатынасы жайлы айтты.
Онан соң кітаптың тұсаукесер рөсімі жасалып, «Менің заманым мен замандастарым» кітабының тұсауын Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова мен рухани інісі Лесбек Амалов, «Менің сырым мен шыным» кітабының тұсауын ғалым Сәмен Құлбарақ пен Батырбек Құлекеев кесті. Көсіпкер Сеуле Рысбаева мен аталған кітапхана директоры Эльмира Абдинова да авторға жылы лебіздерін арнады. Кешке автордың жары Әсия Әмзекеліні де ортақтасты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев, өнші Ерлан Ибаділдаев және А. Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының жас актерлері әннен шашу шашып, іс-шараның ажарын аша түсті.
Жиын соңында қос кітаптың авторы Әлібек Әмзеұлы сөз алып, келген қонақтарға алғысын білдірді. Әлібек Әмзеұлының бір шығармасында: «Анам қайткан күні менің балалығым аяқталды» дегені қандай жүректі тербейтін, әсерлі сөз десеңізші! Ана қасиеті мен мейірімі шексіз ғой.
Осылайша, театртанушы, драматург, өңірдің мәдениет саласын 26 жыл басқарған, Ұлы Отан соғысынан кейінгі ауыр жылдарды бала болып бастан кешірген Әлібек Әмзеұлының оқылымды екі кітабы оқырман қауымға жол тартты. Жүректерге жететін жазбалар топтасқан жинақтар - оқырман олжасы.
Есет ДОСАЛЫ
«Aq jol».- 2021 жыл.- 16 қыркүйек (№111).- 8 б.