Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

«БІЗДІҢ БОЛАТ» ОҚЫРМАНМЕН ҚАУЫШТЫ

    «Болмайды ғой», «Редактордың қойын дәптері», «Өмір-драма», «Сахнадан сыр айтамын», «Құс жолынан жыр төктім», «Көз көргендер» атты алты томдық жинақтың, «Шымылдықтың арғы жағы», «Бізбіз» атты сатиралар жинағының, «Құс қанатындағы сағыныш» атты поэтикалық жинақтың авторы, жазушы-драматург Болат Бекжановтың биыл өмірден озғанына бір жыл толып отыр. Осыған байланысты есіл ерін іздеген арттағы елі Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында Болат Бекжановтың «Абай-Ақмай» кітабы мен белгілі журналист Ерман Әбдиев құрастырған «Біздің Болат» естеліктер кітабының тұсаукесері өтті.

    Өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысқан шараны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева ашты. Тұсаукесер рәсімі одан әрі А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры жас әртістерінің орындауындағы поэзия мен жазушының әріптесі, досы болған зиялы қауым өкілдерінің жылы естелігін ортаға салуға ұласты. Еске алу кешін ашып берген С.Мадиева Болат ағамыздың бейнесінің оны білетін азаматтардың жадында ұзақ сақталып, шығармалары әлі де насихаттала беретіндігін тілге тиек етіп, Бөкеңнің жары Жалғат жеңгейдің иығына орамал жапты.

    Бұдан кейін зиялы қауым өкілдері – Нұрсипат Салықова, Жаңабай Миллионов, Көсемәлі Сәттібайұлы, Сәмен Құлбарақ, Дүйсенәлі Бықыбаев, Балабек Нарбаев, Баймаханбет Ахмет, Мәлік Ақүрпеков, Эльмира Абдинова, марқұм Спандияр Мұқышевтің жары Галина жеңгей жылы естеліктерімен бөлісті. Ал Бөкеңнің жары Жалғат Айтуова келген көпшілікке алғысын білдірді. Ары қарай Болат Бекжановтың өлеңдерін А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының жас актерлері – Азамат Шакенбаев («Мен Таластың ұлымын»), Сымбат Нүрсейітова («О, поэзия»), Ерасыл Аманбек («Жарыма»), Назым Ақылова мен Қасым Келеспек («Асқар жүрек») нақышына келтіре оқып, жиналған қауымның көңілін бір толқытты.

    - Ол өмірде де, өнерде де өте тиянақты, ұқыпты адам еді. Ол қазағын сүйді, мүмкін, өзі артында қалған халқы іздейтінін де білді. Өмірінің соңғы кезінде күні-түні демей жазу үстелінде отырды. Осы күнде ойласам өзінің кететінін білген екен ғой, жарықтық. Мен оның отбасының отын сөндірмей, оның орнын жоқтатқызбаймын, - дейді жары Ж.Айтуева.

    «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» демекші, бұл жарық дүниеден жарқ еткен жасындай болып өткен Болат ағаның да нағыз өмірі енді басталғанына куә болып қайттық.

 

Шапағат Әбдір

Ar-Ai. - 2021. - 22 қыркүйек (№76). - 2 б.

Яндекс.Метрика