Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өту іс-шараларының аясында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы өтті.
Келелі жиынға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мәди Мәтен, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Аналар» алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері Ерман Әбдиев және 5 оқу құралының авторы, Жамбыл ауданындағы А.Макаренко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Жұмабекқызы қатысып, кітапхана қорына өздерінің жеке мұрағаттарындағы кітаптарын сыйға тартты.
Сонымен қатар акцияға қатысушылар отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиенің қоғам үшін маңыздылығы жайлы тың ойларын айтып, жастарды кітап оқуға шақырды.
Акция соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыстарын жеткізіп, оларға «Кітапхананың құрметті оқырманы» лентасын табыстады.
Айта кетейік, «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы жыл соңына дейін жалғасады.
А.ЖАМАНҚАРА
«Ar-Ai». - 2021. - 1 қазан (№79). - 3 б.