Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым

   Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы бір мерейлі мерекенің әрбір қазақстандықтың өмірінде алар орны ерекше. Әлбетте, азаттық бізге оңайлықпен келген жоқ. Етігімен су кешіп, егеулі найза қолға алған батыр бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі – соған дәлел.

   Осы жолда қаншама боздақтарымыздан айырылып, ажалмен арпалыстық. Ұлтын сүйгендер «ұлтшыл» атанып, елім деп еміренгендердің етегі жасқа толды. Қанмен жазылған тарихымыздың әр тарауында егемендікке ұмтылған есіл ерлердің еңбегі жатыр. Желтоқсанның ызғарында қар мен мұз жастанған Қайраттардың есімі сол тарихтың төрінде алтын әріппен жазулы. Тәңір тілегімізді беріп, осыдан дәл 30 жыл бұрын егемен ел атанып, әлем картасында Қазақстан деген тәуелсіз мемлекет пайда болды. Осы жылдар ішінде талай белесті бағындырып, асқарларға құлаш ұрдық. Елбасы мен Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында спортта, мәдениетте, білімде, жалпы қай салада болса да, тек жарқын жетістіктерге қол жеткіздік. Өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілткен осы бір қасиет тұнған ұлы ұғымның сипаты бөлек, тағылымы өзгеше.
Азаттығымыздың мерейлі белесі Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында да кең көлемде аталып өтуде. Атап айтар болсақ, мереке қарсаңында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында кітапханамызда «Тәуелсіздікпен бірге түлеген ауыл кітапханалары» атты ауыл кітапханаларындағы цифрлы-ақпараттық орталықтардың жұмысына бейнешолу жасалды. Бүгінде шалғай елді мекендерде орналасқан кітапханалар цифрлы технологияларға қол жеткізуде. Заман ағымына сай кітапханалардағы қызмет жүйесі жанданып келеді. Бұл да тәуелсіз еліміздің беріп отырған мүмкіндігі екені сөзсіз. Сондай-ақ «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Қазақ елінің әлемдік аренадағы орны» тақырыптарындағы тарихи шежіре іс-шаралары ұйымдастырылды.

   Танымдық шаралар легі мұнымен шектелмейді. Мәселен, «Қазақстан – заманауи үлгідегі Тәуелсіз мемлекет», «Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым», «Алаш мұрасы және Қазақстан тәуелсіздігі» атты дөңгелек үстел отырыстары мен «Қазақстан: ғасырлар мен мыңжылдықтар тоғысында» жастар форумы өткізіліп, оқырмандар көңілінен шықты. Басқосулар барысында қатысушылар егемендік жылдары еліміз қол жеткізген толағай табыстарға кеңінен тоқталып, орамды ойларын ортаға салды.

   Елбасының «Тәуелсіздікті алу қиын, бірақ оны ұстап тұру одан да қиын» деген қанатты сөзі бар. Ендеше, сан ғасыр аңсаған азаттығымызды көздің қарашағындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттау – барлығымыздың ортақ әрі айнымас борышымыз болуы тиіс.

Ақмарал Құрманова,
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап

ғылыми кітапханасының оқу залының сектор меңгерушісі

«Jambyl-Taraz». - 2021. - 8 желтоқсан (№49). - 19 б.

Яндекс.Метрика