Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Тарихи шаһардың тағылымы тереңде

   Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы онлайн оқырмандар арасындағы байланысты қайта жаңғыртты.

   Бұл жолы руханият ордасы тарихы тағылымға тұнып тұрған Тараз қаласының 2020 жылдығына орай Жамбыл облыстық «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ директоры Қуаныш Даурембеков пен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаевтың қатысуымен онлайн сұхбаттар ұйымдастырды.

   Онлайн сұхбат барысында кітапхана эфирінің қонақтары ежелгі Тараз қаласының шығыс және батыс қақпалары туралы құнды мәліметтермен бөлісіп, елеулі оқиғалар мен тарихи-мәдени ескерткіштерді таныстырды. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген кешендер мен кесенелер, туристік нысандардың маңыздылығы жайында кеңінен әңгімеледі.

   Тікелей эфир аясында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты нысандар мен қалашықтарға экскурсия жасалып, Қарахан мен Дәуітбек баба кесенелерінің тарихына қатысты тың ақпараттар айтылды.

«Көне Тараз» археологиялық саябағындағы қазба жұмыстары нәтижесінде табылған бірегей құнды экспонаттар көрсетіліп, осы аумақта орналасқан керуен-сарайлар, сауда орталықтары, «хамам» моншасы мен медреселері таныстырылды.

   Бұдан бөлек, кітапхана қызметкерлері Тараз туралы жарық көрген басылым беттерін парақтап, қызықты деректерін күнделікті әлеуметтік желі парақшаларында жариялауда.

   Айта кету керек, Тараз шаһарының талайларды тамсандырған тарихын танытуға арналған игі іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

 

Қанат БАУБЕКОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми

кітапханасының өнер жөніндегі әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі.

«Aq jol». - 2022. - 2 наурыз (№25). - 8 б.

Яндекс.Метрика