Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Ана десе жүрегім елжіреген...

   Қоғамда аналардың орны бөлек. Олар бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербете жүріп, қоғамдық істен де қалыс қалмайды. Біздің өңірдің түрлі сала бойынша дамуына үлес қосқан аналар аз емес. Солардың бірқатарымен әйелдердің төл мерекесі қарсаңында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Ана – үміт, Ана – жігер, Ана – азамат» тақырыбында сырласу кешін ұйымдастырды.

   Сырласу кешіне физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, Қазақстанның Құрметті қызметкері Күлжамила Жолдасова, Қазақстанның еңбек сіңірген педагогі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Бәтес Егембердиева, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері Сара Мадиева қатысып, қоғамдағы әйелдердің рөлі, қызметтегі орны, бала тәрбиесі, келін мен ене арасындағы сыйластық мәселелері бойынша сыр шертіп, облыстық мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің қыз-келіншектеріне өмірлік азық болатын кеңестерімен бөлісті.

   Бұл кеш бұрынғыдай қатып қалған сценариймен емес, еркін, сырласу форматында өтті. Мәселен, Күлжамила Жолдасова ене мен келін арасының қалай болуы керектігі жөнінде толғанып, өздерінің келіндерімен арақатынасын, оларға қалай сыйлы болғанын баяндады. Апайдың бірнеше баласы бүгінгі таңда жақсы қызметтер атқарып жүргені де студент жастарды қызықтырды. Ал Бәтес Шәйменқызы бүгінгі білім көкжиегі, ұстаздардың қандай болуы керектігі жөнінде ой қозғап, анасын еске алды. «Жасымыз ұлғая бастаған соң ба, ана туралы сөз айтылса жүрегім елжірейтін болыпты. Анамыз қазір бақилық болып кетті. Жастар! Өмір – өткінші. Аналарыңды, әкелеріңді қастарыңда бар кезінде сыйлаңдар, соларға бар жақсылықты жасаңдар»,- деді. Ал Сара Мадиева өзінің жоғары оқу орнын бітіріп келіп, «Өнерпаз» кәсіпорнында алғашқы жұмысын бастағаны, сол жердегі директордың өзіне қолдау білдіргені туралы әдемі, әсерлі естеліктерімен бөлісіп, ақын Шырын Мамасерікованың «Анашым» өлеңін нақышына келтіріп оқып берді. Кітапхана қызметкері Алтынай Абдраимова «Ана» әндерінен топтастырылған попурри мен «Қазақ қызы» тақырыптарындағы әндерін әуелетіп, қатысушыларға керемет көңіл-күй сыйлады. Кештің жақсы өтуіне аталған кітапхана директоры Эльмира Абдинова бастаған ұжымның үлкен еңбек сіңіргенін айта кеткеніміз жөн.

 

Есет Досалы,

«Aq jol». - 2022. - 7 наурыз (№27-28). - 2 б.

Яндекс.Метрика