Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы үздік қазақстандық және өлкелік шығармаларды өңір тұрғындары арасында кеңінен таныту, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын жастар арасында насихаттау, кітапхана имиджін көтеру мақсатында «Жазушымен бір күн» акциясын өткізуді дәстүрге айналдырған. Жуырда аталған акция аясында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, талантты жазушы, қаламы қарымды журналист Көсемәлі Сәттібайұлының қатысуымен «Бейнелі сөз, бедерлі ой» тақырыбында әдеби жүздесу өтті.
Келелі кездесуде шығармашылық пен журналистика саласының тізгінін қатар ұстап, әдебиет айдынында еркін құлаш сермеп келе жатқан қаламгердің қазақ әдебиеті мен журналистикасына сіңірген еңбегі, ұстаздары мен шәкірттері, балалар прозасының болашағы жайлы ой қозғалды. Жиынға қатысқан филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Оразғалиұлы жазушы әңгімелерінің құрылымын талдаса, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақытжан Советұлы қаламгер шығармаларының өзектілігіне тоқталып, «Бүгінгі күннің Беімбет Майлині» деген бата берді.
Ал облыстық «Aq jol» газетінің тілшілері Ақылжан Қорғанбайұлы мен Марат Құлибайұлы Көсемәлі Сәттібайұлымен бірге қызмет атқарған жылдардың қызықты естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ Марат Құлибайұлы жуырда ғана баспадан шыққан «Апамның аялы алақаны» кітабын тарту етті.
Одан әрі Тараз қаласындағы №125 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерлан Керімжанұлы жазушы шығармасынан көркемсөз оқып, көрініс қойды.
Кеш соңында кітапхана қызметкері Алтынай Абдраимова «Желдірме» әнін шырқады.
«AR-AI» - ақпарат
«AR-AI». - 2022 жыл. - 12 наурыз (№10). - 3 б.