Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, Жамбыл облысының ардагерлеріне арналған «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы, халықаралық Д.Қонаев қорының облыстық филиалы төрағасының орынбасары, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңабай Миллионов 70 жаста. Осыған орай кеше Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Парасат пен пайым» атты кездесу кешін өткізді.
Ән мен әсерлі әңгімеге толы кешке журналистің жары мен ұлы, зиялы қауым өкілдері, қаламдас әріптестері, үлгі-өнеге алып келе жатқан ізбасарлары, БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуда жазушы, публицист, драматург Елен Әлімжан, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова мерейтой иесінің шығармашылығы жайында әңгіме өрбітсе, шәкірті, облыстық «Aq jol» газетінің жауапты хатшысы Тұрсынбек Сұлтанбек өзіне тәлім берген ұстазының өнегелі өмірі жайында сыр шертті. Ал айтыскер ақын, журналист, облыстық «Aq jol» газетінің бөлім редакторы Есет Досалы арнау өлеңін көпшілік назарына ұсынды.
Әрі қарай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді үкілеп келе жатқан кештің басты кейіпкері жайындағы жылы лебіздерін білдірді. «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев журналиске арнайы құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.
Ардагер журналист, «Ғұмыр-Дария» газеті бас редакторының орынбасары Болат Жапарұлы газеттің тыныс-тіршілігін тілге тиек ете отырып редактордың еңбегін ерекше атап өтсе, халықаралық Д.Қонаев қоры облыстық филиалының атқарушы директоры Қибат Асқарбеков қорға сіңірген өлшеусіз қызметімен бөлісті. Сарысу ауданының Құрметті азаматы Бөлтірік Ілиясов кісілік келбет, азаматтық тұлға жайында әсерлі әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар келелі кездесуде ардагер журналистің жуырда ғана жарық көрген «Даналық мектебі» кітабының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты.
Осындай әсерлі кездесу М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында жалғасты. Еркін форматта өткен кездесу кешін «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Дәулет Төленді жүргізді. Рухани кеште мерейтой иесінің шығармашылығы, өмір жолы жайлы кеңінен айтылып, арнайы дайындалған бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Алдымен сөз алған этнограф Жапар Сатылғанов, Жаңабай Миллионовтың мақсаткерлік, рухани биік, ойы терең болмысын даралап айтты. Мұнан кейін сахнаға шыққан осы оқу орнының студенті Гаухар Бекмаханова «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін орындап берді. Белгілі журналист Болат Жапаров мерейтой иесінің шығармашылығы, жас журналистерге берген өнегесі мен тәлімгерлік қамқорлығы жайлы кеңінен толғана сыр шертті.
Жылы жүздесуде Жаңабай Миллионов та еңбек жолы, ұстаздары жайлы әңгімелеп, жастардың кітап оқуы, тәрбиесі жайлы сауалдарына жауап берді.
Ж.Миллионовтың өңіріміздің баспасөз саласы, мәдениеті мен өнері, руханиятына сіңірген зор еңбегінің жас буынға берер өнегесі, тәлім-тағылымы мол.
Айжан ӨЗБЕКОВА,
«Ar-Ai». - 2022. - 26 наурыз (№12). - 1-2б.