Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Кітап қорын цифрландырудың қарқыны қалай?

   Заман талабына сай кітапхана жұмысына жаңалықтар мен тың өзгерістер енгізу арқылы заманауи кітапхананың концептуалды моделі қалыптасуда. Осы орайда Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қызмет көрсетудің дәстүрлі түрлерімен қатар электрондық ақпараттық қызмет аясын кеңейту, әлеуметтік маңызды ақпарат пен білімге түрлі жас топтары мен тұрғындар санаттары үшін еркін қолжетімділік аясын кеңейту, оларға әлеуметтік бейімделу мәселелерін шешуге жәрдемдесу арқылы кітапхананы ақпараттық интеллект-орталығы ретінде таныту мақсатында оқырмандарға цифрлық қызмет түрлерін ұсынып келеді.

   Жыл сайын дәстүрлі түрде кітапхана қызметкерлерін маркетинг пен жобалық жұмысты кеңінен қолдануға үйрету арқылы кітапхана қызметіне инновацияларды енгізуге дағдыландыру, дәстүрден тыс қызметтердің аясын кеңейту, мамандардың кітапханалық-ақпараттық білімін арттыру мақсатында тәжірибелік семинарлар, семинар-тренингтер, шеберлік сыныптар, кәсіби оқулар мен байқаулар жүйелі түрде ұйымдастырылып отырады.

   Бүгінгі күні руханият ордасы 71 компьютермен қамтылып, процестерді автоматтандыру бағытында «WЕВ-РАБИС» бағдарламасымен жұмыс жасауда.

   Цифрландырылған ақпараттық орталығында пайдаланушылардың электронды мәлімет алуына сапалы қызмет көрсету барысында интернетпен қатар «WЕВ-РАБИС» бағдарламасының «Іздеу және Сұраныс» модулі күнделікті ұсынылуда.

   Сирек кездесетін басылымдар қоры – ерекше құнды басылған шығармалардан, бірегей кітап коллекцияларынан тұратын (библиографиялық сирек басылымдар жинақталған) ерекше сақталатын кітапхана қорының бір бөлігі. Оның көп бөлігі отандық және әлемдік ғылым мен мәдениеттің өзіне тән кітап ескерткіштері болып табылады.

   Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 9200 сирек кездесетін кітаптар қоры жинақталған. «Ғылыми-тарихи мазмұндағы өзінің құнын жоғалтпаған аз қолданыстағы әдебиеттерді топтастыру» бағдарламасы аясында 1973-1974 жылдары кітапханада депозитарлы қор ашылған. Қорға Алматы, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Атырау, Шымкент облыстарынан сирек кітаптар жинақталды.

   Кітапханада жалпы кітап қорындағы 253460 басылымның 6364 данасы цифрландырылды. Оның ішінде «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру» жобасы аясындағы 6183 данасы сирек басылымдардың сақталуын қамтамасыз етсе, «Шоқан асулары» жобасы аясында 43 дана кітап цифрландырылды. Жергілікті 57 ақын-жазушылармен келісімшартқа тұру арқылы 138 дана кітап цифрландырылып, мекеме сайтына орналастырылды.

 

 Гүлбану ЖАКИПБЕКОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі.

 «Аq jol». - 2022 жыл. - 14 мамыр (№60-61). - 11 б.

Яндекс.Метрика