Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Жақсының аты өлмейді

   Жақында Алматы қаласындағы «Otbasy books» баспасынан ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, журналист, қоғам қайраткері, тележүргізуші Бейсен Құранбек туралы «Бейсен және болмыс» атты кітап жарық көрген болатын.

   Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымымен бірлесе отырып, елімізге танымал тұлғалардың өмір жолын өнеге ету, келешек ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында, танымал журналист Бейсен Құранбек жайында естеліктер жазылған кітаптың авторларымен кездесіп, кітаптың тұсаукесерін өткізді. Шараға «Бейсен және болмыс» кітабының авторлары: «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы, журналист, шығыстанушы Санжар Керімбай, «Отбасы хрестоматиясы» қорының директоры Бағдат Құдияр, аталған қоғамдық қордың мүшесі, филолог Айбек Нәби және филолог-магистр Сәкен Нұрқабекұлы қатысты.

   Қарапайымдылығымен қалың қазақтың есінде қалған азамат жайлы жазылған туындының тұсаукесер рәсімінде облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали сөйлеп, ел тәуелсіздігі жылдарында сан түрлі қыр-сырымен таныла түсіп, қазақстандық журналистиканың тарланбоз тұлғасы деңгейіне көтерілген Бейсен Құранбек жайлы жазылған кітап туралы жылы лебіздерін білдіріп, кітаптың лентасын қиды.

   Сонымен қатар кітап авторы Санжар Керімбай халқының жанына жалау болған Бейсеннің болмысын танытатын оқиғаларды еске алып, әсерлі естеліктердің тиегін ағытты. Қазақ телевизиясы тарланының өмірінен мысалдар келтіре отырып, экзистенция, логотерапия психологиясын жан-жақты түсіндірді. Адам болмысы қалай ашылады, қалай көрінеді, өмірдің мәнін қалай анықтайды деген әртүрлі жағдайларды араластыра отырып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

   Кітап экзистенция философиясына, логотерапия іліміне қызығатын оқырмандарға арналған.

«Aq jol» - Aqparat»,

«Aq jol». - 2022 жыл . - 26 шілде (№91). - 4 б.

 

 

Яндекс.Метрика