Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Тарихтың айтары көп

    Биылғы жылдың 18 тамызында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл. Осы уақыт аралығында еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында жасыл түсті күнқағарлылардың алатын орны ерекше. Десек те, қиын кезеңде қайыспаған, елді ұйыстыра ұстап, бүгінгі бейбіт күнге жеткізген бабаларымыздың ерен еңбегін әрдайым жадымызда сақтағанымыз жөн.

    «Барға – құрмет, үлкенге ізет» деп өскен халықпыз ғой. Өткенді құрметтеу – қазақтың қанында бар қасиет. Ұлттық рухани құндылықтарымызды ұран еткен ҚР ҰҚК ШҚ Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасы ведомствамыздың 30 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар іс-шаралар өткізді.

    Тараз қаласының Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің қызметкерлерімен бірлесе, «Шөлдала», «Жасөркен», «Бесағаш» шекара бөлімшелерінде сарбаздармен викториналық кеш өткізілді.

    Кеште жеке құрам Ахмет Байтұрсынұлы, Шерхан Мұртаза, Бауыржан Момышұлы сынды елімізге елеулі еңбектері сіңген ұлы тұлғалардың туындыларымен танысуға мүмкіндік алды.

    Тарих пен қызықты оқиғалардың ерекше ұштасқан туындыларындағы кітаптар сарбаздарға үлкен әсер қалдырды. «Шара өте қызықты, әрі пайдалы дей келе, Мемлекет шекарадан басталады. Ал оны күзету Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне сеніп тапсырылған. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы қастерлі ұғым санамызда жаңғырған сайын тәуелсіз еліміздің сан ғасырлық жүріп өткен жолы көз алдымызға елес береді», - деп қатардағы жауынгерлер Ержан Сайлаубайұлы және Әбдіуәлі Әжіханұлы пікірлерімен бөлісті.

     Мұнан бөлек, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «БауыржанМомышұлы», «Ақсуат» шекара бөлімшелерінде кітап көрмесі ұйымдастырылды.

    ҚР ҰҚК ШҚ Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасының бөлім бастығы подполковник Ерсат Рафиков көрмеге қатысушыларды келе жатқан мерейтойымызбен құттықтап, сарбаздардың патриоттық рухта тәрбиелеуде жоғары деңгейдегі іс-шаралардың өткізілуіне атсалысқаны үшін Жамбыл облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинованы алғыс хатпен марапаттады. Кітапхана ұжымына «30 жыл тәуелсіздік күзеттінде» атты кітабын сыйға тартты.

   Іс-шара аясында кітапхана қызметкерлері мен Б.Момышұлы атындағы шекара бөлімшесінің қатардағы жауынгерлер Сарсенбаев Б, Халдаров Е. Патриоттық әндер шырқап, Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы атамызға Жанықұлов Бүркітбай жүрек тебірентетін арнауын оқыды.

    Кітап көрмесіне ұлтымыздың ұлы ұстазы Алаш партиясының мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының кітаптары, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик қазақ халқының Қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының шығармалары, қазақ әдебиетінің қара нары, қазақ журналистикасының жампозы Шерхан Мұртазаның бір топ туындылары қойылды.

 

Капитан Т.СЕРІКҚАЛИЕВ, «ОS-ЧР»,

«OTAN SAQSHYSY». - 2022. - 30 шілде (№28). - 10б.

Яндекс.Метрика