Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті бірлесіп «Қазақтың қара сөзінің қызыл жебесі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Жиынға қатысқан жазушы-драматург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан: «Жас шамамыз бір мүшел ғана болғандықтан, Шәкеңнің барлық өрлеу жолы, ізденісі көз алдымда. Кезінде «Шерханды жазушы етіп тұрған - редакторлығы. Редакторлықтан кетсе, жазуы да далада қалады» деушілер болды. Бірақ Шерхан бас редакторлықтан да кетпеді, жазушылықтан да кетпеді. Роман- эпопея жазды. Кейіпкерлерінің аузына қазақылықты, әруақты, әулие болған ата-бабасын салды. Яғни, сол кездегі саясат тұншықтырған мәселелерді кейіпкерлері арқылы оқырманға шеберлікпен жеткізе білді. Бір ғана ерлігін айтайын. «Қазақстан» мемлекеттік телерадио компаниясында бас директор болып тұрған кезінде тележурналистерге 56 пәтерлік көпқабатты үйді алып берді», деп толғанды. Ал ғылым докторы Сәмен Құлбарақ Шер-ағаның: «Батқан күннің қызыл шапағынан тау етегі балқып жатты» деген әдеби сөзінен үзінді келтіріп, «Ай мен Айша» шығармасындағы Айша ана образына тоқталды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Саламат Осалы Шер-ағаға деген арнау өлеңін оқыса, студент Аяжан Ақылбекова Шерхан шығармаларынан үзінді оқыды. Сондай-ақ бірқатар студент «Бір кем дүние» кітабынан үзінділер оқып, көпшіліктің көңілінен шықты. Ал жас ақын Ғалия Абылай өз кезегінде Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы бойынша арнайы баяндама жасады.
Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Меңдібай Әбілұлы Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты» шығармасы желісінде естеліктер айтты. Ғалым Темірбай Мұқашев, тіл маманы Гүлзира Әбдір, әдебиетші Бақытжан Мақашев, шерхантанушы Меруерт Көпбаева қайраткер туралы жан-жақты баяндама жасап, ой бөлісті.
Жиынды кітапхана директоры Эльмира Әбдинова қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.
Есет Досалы,
«Aq jol». - 2022. - 29 қыркүйек (№118-19227). - 8 б.