Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Кітаптың көркем әлемі

   Кітап – адам өмірінің рухани құндылығы десек, бұл тұрғыда кітапхана қызметінің маңызы ерекше. Кітапханашыларға да жаңаша көзқарас, тың ізденістер қажет. Ол үшін сала қызметкерлерінің өзара тәжірибе алмасуы да аса маңызды. Облысымызға еліміздің Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры Ғазиза Құдайбергенқызы Байзақ аудандық мәдениет үйінде өткен «Кітапханалық тайм-менеджер: кітапхана ақпарат әлемінің провайдері» атты облыстық форсайт сессиясына қатысты.

   Сессия жұмысын Байзақ ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов ашып, Тараз қаласынан және барлық аудандардан жиналған кітапхана қызметкерлеріне және БАҚ өкілдеріне қонақтарды таныстырып өтті.

   Мұнан соң аталған Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Ғазиза Құдайбергенқызы қатысушыларға шеберлік сабағын өткізді. Ол кітапхана қызметінің бүгінгі бағытын, жаңашыл қадамдарын айта келіп: «Ауылдық кітапхана қызметкерлерінен үйренеріміз көп. Сіздерге үйретейін деп тұрған ештеңем де жоқ. Мен кейбір әріптестерімізге жұмысты сүйіп істеу керектігін, мамандығымыздың аса маңызды екенін айтқым келеді. Кітапханаларды модернизациядан өткізу керек, автоматтандыру керек дейді. Мен кітапхана қоры жаңарсын, цифрлансын, автоматтандырылсын, бірақ дәстүрлі кітапхана жүйесін сақтап қалсақ деп ойлаймын. Соңғы кезде осындай ой мазалап жүр. Кітапханашылар білімді болуы керек. Басқа саладағылар өз саласын ғана білсе, кітапханашы бүкіл саладан хабары бар, білімді білуі тиіс. Кітапхана – бүкіл білімнің көзі. Кітапхана білім орталығына айналуы тиіс. Айналып келе жатыр. Қазіргі таңда ұялы телефонды ашып қалсаңыз түрлі жағымды, жағымсыз ақпараттар бар. Ұялы телефон ұстаған ұрпақ ойлаудан қалды. Әлеуметтік желіде нақты емес, сүзгіден өтпеген ақпараттар көп. Осы ұялы телефонның қорқынышын кітап алмастыруы керек. Біздің Ұлттық кітапханада 700-800 адам тіркелген. Біз қоғамды құраймыз. Шекарадан сыртқа шықсақ, қазақ деген ұлттың өкіліміз. Әр кітапханашы өзінің оқырманын қалай жинауды, кітап қорын қалай сапалы сақтауды ойлануы тиіс. Мен Алматыдағы үлкен кітапхананы басқарғанда оқырманды қалай көбейтеміз деп, мамандарыммен бірге бас қатырдым. Ақыры кітапханаға ағылшын тілін оқытатын курс енгіздік, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық курстарын ұйымдастырдық. Нәтижесінде оқырмандарымыз көбейді. Болашақта бұлай кете берсек, әңгімешіл, әңгіме айтатын адам қалмайды екен. Сондықтан рухани байлықтың ордасы кітапхананың жөні бөлек. Ол үшін кітапхана қорын және оқырманын сақтауымыз керек», деді.

   Мұнан соң Алматыдағы Ұлттық кітапхананың өнер және әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жанат Бармашева өзінің тәжірибесімен бөлісті. Ол «Біздің Ұлттық кітапхананың ерекшелігі – сирек кездесетін кітаптар қоры және қолжазба қоры бар. 30 мың құжат және 1 мыңнан астам қолжазба дүниелер сақталған. Қолжазбаның көшірмелерін сұрайтындар көп. Оқырманға ол маңызды деген сөз. 50 мыңнан астам нота басылымдар бар. Оны музыкалық жоғары оқу орындары, колледж, музыкалық мектептердің жүздеген мамандары келіп, пайдаланады.

   23 мың данадан астам күйтабақ бар. Күйтабақта сақталған мұралар мен тарихи құндылықтар аса маңызды. Сіздерді отыз жылдан астам тарихы бар Алматыдағы Ұлттық кітапханаға тәжірибе алмасуға келуге шақырамын», деді. Бұдан кейін облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай Астана мен Алматыдан келген құрметті қонақтарға алғысын білдіріп, кітапхананың аса маңызды орын екеніне тоқталды.

   Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулет: «Кітапхана – халық жадын көтеретін құндылық. Нақты дерек пен мәліметті кітапханадан аламыз. Кешегі індет кезінде де кітапханашылардың көмегіне көп сүйендік. Бүгінгі облыстық форсайт сессия кітапханашылардың тәжірибе алмасуына жасалған мол мүмкіндік», деп атап өтті.

   Мұнан соң Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова, Абай атындағы Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева, Сарысу аудандық кітапханасының директоры Айбала Жолмаханова өздерінің ойларын ортаға салды.

   Сессияда «Өрлеу» біліктілігін арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы «Жамбыл облысы бойынша кәсіби даму институты» филиалы директорының орынбасары Шынар Тойғанбекова қонақтар мен кітапханашыларды да араластыра отырып, түрлі ойындар ұйымдастырды.

    Бұл күні облысымыздың әр аумағынан жиналған кітапханашылар кеңінен тәжірибе алмасты, өзара пікірлесті. Ой толғаныстарын ортаға салды. Сондай-ақ облыстық форсайт сессия жұмысына қатысушылар алдында Алтынкүл Қасымбекова бастаған байзақтық өнерпаздар өнер көрсетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

«Aq jol». - 2022. – 10 қараша (№136). - 8 б.

Яндекс.Метрика