Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Жылдарым менің - жырларым менің

   Көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Бақтықожа Ізмұхамбетовтің сыршыл да сезімге толы ақындық қырын жамбылдық жұртшылық жақсы біледі. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұжымы қайраткер ақынның соңғы жылдары жарық көрген "Өмір ғой соның барлығы", "Қоршаса ойлар", "Жыр жолымен", "Шақырса шабыт", "Өмір бәйге" деп аталатын жыр жинақтарының тұсаукесер рәсімін өткізді. Жырсүйер қауымға қуаныш сыйлаған бұл әдемі кешті кітапхана директоры Элмира Елеусізқызы Әбдинова сәтті жүргізді. Жиын барысында Бақтықожа Салахатдинұлының өлеңдерін кітапхана қызметкерлері нәшіне келтіре оқыды және оның өлеңдерінің сөзіне жазылған әндерді әуелете шырқады.

   "Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы..." деп ұлы Абай жырлағандай бұл күні жыр кешіне катысқан, жырға сусаған өнер сүйер қауым мейірлері қанғанша қазақтың қара өлеңінен қанағат тапқандай болды.

    Қайраткер, ғалым, ел ақсақалы, "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант, ақынның үзеңгілес жолдасы Абай Тасболатов, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлы Огешов Бақтықожа Салахатдинұлының қайраткерлік қарымы мен қатар оның ақындығының қыр-сырына тоқталды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы Үйсінбаев тұсаукесер рәсімінде сөйлеген сөзінде мәртебелі қонаққа облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің ізгі тілектерін жеткізіп, иығына зерделі шапан жапты.

   Жиында сөз сөйлеген Бақтықожа Ізмұхамбетов рухы биік, жырдан ләззат алатын, өлең деген өнерді биік тұтатын, талантқа тағзым жасайтын тараздық жыр сүйер қауымға өзінің ризашылығын жеткізді.

— Менің өткен жылдарым бүгінде жыр болып жүректен шығуда. Мен қандай лауазымды қызметтер атқарсам да, жыр жазу өмірлік серігім болып келеді. Өлең өмірден туады. Біз бір кісідей өмір сүрген, елге енбек еткен ұрпақ өкілдеріміз, сіздердің бүгінгі құрметтеріңізге ерекше ризашылығымды жеткіземін. Әрқашан жақсы күндерде кездесетін болайық, - деді Б. Ізмұхамбетов.

   Жиын қорытындысында ақын Б.Ізмұхамбетовтің жыр жинақтарының тұсауын ол кісінің үзеңгілес, әріптес достары, орталық кеңес төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, орталық кеңестің төралқа мүшелері, полиция генерал-лейтенанты Өмірзақ Болсамбеков, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсінбаев салтанатты жағдайда кесті.

 

«ҒҰМЫР-ДАРИЯ» -АҚПАРАТ

«ҒҰМЫР-ДАРИЯ». - 2022. – 10 қараша (№21). - 3 б.

Яндекс.Метрика