Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Қара өлеңге құрмет

   Қазір не көп, шығып жатқан кітап көп. Алайда Шу ауданының тұрғыны, ақын Мәлібектің Сәтінің «Дала төсіндегі ән» атты жаңа кітабы жайлы сөз басқа. Бұған дейін Сәт ақынның «Әнші Рахыш», «Тамызда тамған тамшылар», «Жусанды дала жырлайды» жыр жинақтары жарық көрген. Ол кітаптарға Әлдихан Қалдыбаев, Несіпбек Дәутайұлы, Елен Әлімжан сияқты белгілі қаламгерлер алғысөз жазған.

   Ал жаңа кітаптың алғысөзін жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы жазыпты. Алғысөзде: «Сәт - ақын. Оған дау жоқ. Бірақ қандай ақын? Міне, бар гәп осы сұрақта. Бір көрмекке Сәт - шаруа. Күнделікті күйбең тірліктің соңында жүрген ауыл адамдарының бірі. Бірақ Сәттің өлеңдерін оқығанда, арық-атызды жағалап, жүгері суарып, оның шашақтары төгілген дүмбілдерінен үміт күтіп, жанын жалдап жүрген жансебілдердің бәрі бірдей емес екенін аңғарасың. Қырманын қызыл жүгеріге толтырып, он сиырын жүз басқа жеткізуді ойлағандардың ішінде де Сәт сынды ақындық биік деңгейде ойлайтын сезім суреткері жүр» деп толғанған жазушы Сәттің сәтті өлеңдерінен де бірнеше үзінді келтіреді.

   Жуырда Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Мәлібектің Сәтінің «Дала төсіндегі ән» атты кітабының тұсаукесері өтті. Әуелі жазушы-драматург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан жиынды сөз сөйлеп ашып, Сәттің поэзияға кеш келгеніне, ол талантсыздығынан емес, өлеңді бағалаған асыл қасиетінен екеніне тоқталды. «Сәтті танымайтын кезімде бір кітапқа жарайтын топтама өлеңдері қолыма түсіп, қызығып бәрін түгел оқып шыққанмын. Содан кейін алғысөз жазып бердім. Несекең, Әлдекеңдер алғысөз жазса, Сәттің талантын мойындағаны» деді. Іс-шарада Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев сөз алып, аудан әкімі Сәкен Арубаевтың құттықтау хатын оқып берді. Ал жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы сөзін Шу ауданынан шыққан тұлғалардан бастады. Ол Сауытбек ақын, Қарауылбек Қазиев, Әлдихан Қалдыбаев, Әбдімомын Желдібаев, Аяз Бетбаев, Ахметжан Қосақов, Жақан Қожахановтардың есімін атай келіп, шулық тағы бір талант Сәт Мәлібекұлының шығармашылығына кеңінен тоқталды.

   Бұдан кейін Елен Әлімжан мен Көсемәлі Сәттібайұлы, Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев, Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Доғдырхан Байбатшаев кітаптың тұсауын кесті. Облыстық «Аq jо1» газетінің бас редакторы, ақын Хамит Есаман, ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Баймаханбет Ахмет, Ғайни Әлімбекқызы жаңа кітап авторына жылы лебіздерін білдірді. Шу ауданына танымал ұстаз Несіпхан Қоңырбаев, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Айдархан Сихаев та Сәт ақынның асыл қасиеттері туралы әңгімеледі. Сонымен қатар Шу аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаева, Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбай, еңбек ардагері Төреқұл Әлханұлы өз сөздерінде Мәлібектің Сәтінің ауданда атқарып жүрген қоғамдық жұмысын, ауыл халқына қарасып, қолдау білдіріп келе жатқан кеңпейілділігін айтып өтті.

   Іс-шарада кітапхана қызметкері Алтынай Әбдірайымова «Достарыма», «Қазағымның дәстүрлері-ай» әндерін орындап, өзге кітапханашылар ақынның табиғат, отаншылдық, махаббат тақырыбында жазылған жырларын жатқа оқыды.

    Жиында кітап авторы Сәт Мәлібекұлы шығармашылық кешіне қолдау білдірген Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаевқа, тұсаукесер рәсімін ұйымдастырған облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдиноваға, алғысөз жазған Көсемәлі Сәттібайұлына және жалпы оқырмандарына алғыс білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

«Aq jol». - 2022. – 17 қараша (№139). - 8 б.

 

 

Яндекс.Метрика