Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Қазақ әдебиетінің арқары

    Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлымен кездесу кеші өтті. Жазушының жетпіс жасқа толуына орай ұйымдастырылған бренд-автор-шоуға жамбылдық жас қаламгерлер мен жоғары оқу орындарындағы әдеби үйірмелердің мүшелері, студенттер қатысты.

    Дәуірден-дәуірге үні жеткен ауыз әдебиеті мен тасқа қашалған тарихи заманадан тәуелсіздікке дейін һәм күні бүгінде озық ойлы, батыл шындыққа негізделген жазба әдебиеті бар ұлтымыз үшін рухани жаңғырудың жаңа ғасыры басталды. Мемлекет басшысының әр қазақ баласына қарата айтылған бағдарламалық мақаласы «Мәңгілік ел» болуды мистика емес, мақсатты миссиясына айналдырып отырған, дәл бүгінгі мәдениетіміз бен әдебиетімізге, бәсекелестік бәйгесіне түсіп, өркениетке өрлеп өсіп келе жатқан өрімтал ұрпақ үшін ауадай қажет тұжырым.

    Адамзат жүрегіне жара салған Ұлы Отан соғысы жылдарындағы үмітін үрей, намысын нәубет, еңсесін қайғы-мұң басқан жауынгерлерге рух берген Жамбыл ақынның бір ғана жырының өзі ұлттық рухтың қайнар көзі әдебиетпен астасып жатқанын айнытпай аңғартқан ақиқат еді. Ал, бүгінгі тәуелсіз елдің, Ұлы Даланың ұрпағы қандай әдебиетті оқып, танып, біліп жүр? Жаңа тұрпатты әдебиет жасауға, оның шынайы табиғи болмысын, өзектілігі мен өміршеңдігін ұрпаққа түсіндіруде, әдебиет арқылы әлемді һәм өзіңді тануға кесек ой, келелі кеңесін айтқан жазушы Несіпбек Дәутайұлымен болған «Қазақ әдебиетінің арқары» атты кездесу кешінде осы сұрақтарға тұшымды жауап айтылды. Жалпы, шараға қатысқан әр оқырман, әрбір жас көкейде жүрген сауалдарын қойып, жазушымен еркін ой бөлісті.

    – Мінезі жоқ адам жазушы болмайды. Шығармашылық адам өз көзқарасы мен пайымынан басқаға тәуелді болмауы керек. Ақиқатты айту үшін жалтақтықтың керегі жоқ. Отанға, адамзаттың өзіне керек көп дүние адамның жүрегінде. Мәні жоқ том-том кітап жаза беру мақсат емес. Жазушы – адамның жан дүниесіндегі жұмбағы мен құпиясын көркем зерттейтін адам. Соған оның ақылы, таланты жетеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мақаласы өз уақытысында жазылып отыр. Бізде экономика, әлеуметтік жағдай бар. Бірақ сонымен ғана озық, саналы ұлтты ұйытудың, білімді, ақылды, абыройлы, ар-ұятты қазақ деген ұлтты қалыптастырудың мүмкін еместігіне көз жетті. Біздер кім болып және қайда бара жатырмыз, деңгейіміз қандай деген ұлы сұрақтардың жауабы да осы мақалада айтылды. Қазір бәсеке деген сөз жиі айтылып жүр. Бәсеке деген бір-ақ нәрсе, ол – өзіңмен өзіңнің бәсекең. Ол қазақ пен қазақтың бәсекесі емес. Жастар мамандық алсам, жұмыс істесем, отбасын құрсам деп, бақытты ғұмыр кешуге талпынады. Ол мақсатыңның баянды болуы үшін өзіңмен өзің бәсекеге түсуің керек. Өз бойыңдағы қажетсіз мінездермен, әрекеттермен күресіп, алдымен соны жеңіп алу қажет.

    Әлемнің көптеген елдерінің өркениетте, білім мен ғылымда бізден көші ілгеріде. Солармен бәсекеге түсу үшін ұлттық құндылықтарымыз ғана емес, сананың ашықтығы да қажет. Басқа мемлекеттерде болып жатқан дүниелердің керегін алып, өз бойымыздағы қуатқа, ерік-жігерге соны үйлестіре білу керек. Міне, бәсекеге қабілетті болу деген – осы. Әрдайым биікке талпынып, өрге ұмтылған абзал.
Жастарды үнемі қолдау аса маңызды. Олар тәуелсіздіктің арқасында өз елінде емін-еркін өмір сүреді, білім алады, халқына пайдасын тигізеді. «Мәңгілік ел» болу үшін жалпыұлттық ақыл-ес, бәрімізге тән сауаттылық керек. Протесттік әдебиет дегеніміз –қоғамның, адамның бойындағы қым-қиғаш сүйкімсіздеу, кесапатқа ұрындыратын құбылыстарға қарсы әдебиет. 1970-1980 жылдары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдік, Тынымбай Нұрмағамбетов, Рахымжан Отарбаев, Жүсіпбек Қорғасбек деген жазушылар шоғыры жаңа тұрпаттағы қазақ әдебиетінің көрінісі болды. Ал, жаңа тұрпатты әдебиет жаңа заманда өзіміздің кім екенімізді танып-білуге мүмкіндік береді, – деді жазушы өз сөзінде.

    Сондай-ақ, кездесу барысында жазушының өмірінен сыр шертетін фотошежіре, ол жайында айтылған белгілі қоғам қайраткерлері мен қаламдастардың пікірінен слайд, «Аты жоқ әңгіме», «Айғыркісі», «Көгілдір көйлекті келіншек», «Ойынды еті он бөлек» атты жинақтары мен мерзімді басылымдарда жарияланған мақалаларынан «Жүректің жазушысы» атты көрме ұйымдастырылды. Тегеурінді талант иесінен жастар латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты да ойын сұрады.

    – Латын әліпбиіне көшу біздің тарихи тамырымыздың тереңдігіне бойлап, түркі дүниесіндегі қазақтың тарихына түбегейлі үңілу үшін және әлемдік технология тілін меңгеру үшін қажет. Жастарға керек деп отырғаным – осы. Яғни, сананың озықтығы, өзіңді өзің тәрбиелеу, білім алу, қатардан қалмау үшін жаныңды салу керек. Ертең оқымасаң, санаң ашық болмаса біз қалай ел боламыз? Прагматизм – іс-әрекет деген сөз. Яғни, сөзден іске көшу деген ұғым. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – дәл біздің ұлттық тұрғыдан алып қарағанда ерлікпен пара-пар, ұлт үшін жасалып отырған ұлы қадам. Себебі, жан-жағымызда анталап қарап отырған қаншама мемлекеттер тұр. «Қазақтар не істеп жатыр?» деп қарап отыр олар. Бұл – Елбасының елге берген сыйы, жанашырлығы, елең еткізіп оятқан үлкен мүмкіндік. Ұлттық коды мықты, ар-ұятты ел болуға талпынған халық, ұрпақ бір-бірі үшін өмір сүруі керек. Бір-бірімізді көштің соңында, көшеде қалдырмай, бауырмал болуымыз қажет. Ең басты мәселе — осы. Халық та, әдебиет те ұзақ көш. Кез келген ұлт өзінің тағдырлы тарихының көшінен ешкімді қалдырмауға тырысады. Федор Достоевский «Адамдар әбден азғындағанда әдебиетке бет бұрады», ал Габриэль Гарсиа Маркес «Адамдар азғындағанын тоқтатпаса, бір күні жер бетінен жойылып кетеді» деді. Біз сол жойылып кетпеуді ойлауымыз керек, – деді жазушы.

    Сондай-ақ, Несіпбек Дәутайұлы АҚШ-тың Флорида штатында биыл мектеп оқушыларына үй тапсырмасын беру тоқтатылып, көркем әдебиетті оқыту туралы заң шыққанын мысал ретінде келтірді. Ұрпағын әдебиетке баулып өсірген жапондарды тілге тиек етіп, ұлт болып қалыптасуда, ұрпақтың санасын жаңғыртуда әдебиеттің алар орны ерекше екенін баса айтты. Қазіргі жастардың бойындағы әдеби қызығушылықтың төмендеп бара жатқанына қынжылыс білдірді.

    – Жастар жаңа тұрпаттағы әдебиетті оқу керек. Жаңа тұрпатты әдебиеттің шындығы, ой жүйесі басқа. Сол ғана ұрпақ санасын дүр сілкіндіреді. Қазір жастардан «кімді оқып жүрсің?» десең Абай мен Мұқағалиды айтады. Бірақ, «Абай жолын» қайталап оқып, Абаймен шынайы сусындап, Мұқағалидың поэзиясын зерделеп жүргендері саусақпен санарлықтай ғана. Және қазақ әдебиеті тек Абай және Мұқағалимен ғана шектеліп қалған жоқ қой. Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан, Гүлнар Салықбаева, жастардан Мақсат Мәлік, Әлия Дәулетбаева секілді жаңаша ойлайтын дарынды қаламгерлер бар. Соларды неге оқымасқа? – деді Н.Дәутайұлы.

    Кездесуде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Журналистика» факультетінің 1-курс студенті Айнұр Бақыт жазушыға өзінің жүрекжарды арнау өлеңін оқыса, Табиғат Абаилдаев, Нұржан Қадірәлі, Арайлы Жақсылық және Қытай елінен атажұртқа оралып, Тараз шаһарында білім алып жүрген жас ақындар жырдан шашу шашты. Кеште Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Хамит Есаманның пайымды пікірі де көпке ой салды.

    – Әдебиетте адам ақиқаты айтылса, адамның өзі біле бермейтін, болмысында бұғып жатқан дүниелер аршылса деп қалам қозғап жүрген Несіпбек аға жаңа тұрпатты әдебиетті қалыптастыруға үлкен үлес қосқан қадірлі жазушы. Әдебиеттегі жастарға құрғақ ақыл емес, жақсы жазушы, жақсы ақын болмасаң да, жақсы адам болуды үнемі ескертіп отырады. Расында, көркем шығарма біреуге бірдеңені түсіндіріп беретін анықтама, ереже емес. Алда келе жатқан немесе болуы мүмкін үлкен апаттарды, сын-қатерлерді ескертіп отыратын дүние. Несіпбек ағаның шығармаларынан біз осыны көреміз, – деді Хамит Есаман.

    Жаңа форматта өткен бренд-автор-шоу барысында жергілікті оқу орындарында құрылған әдеби үйірмелердің мүшелері, студенттер де өз өлеңдерін оқып, туған жерге арналған белгілі әндерді шырқады. Шара соңын жазушы «Қай халық бізден несімен ерекше, озық немесе несімен қалып барады? Осының бәрі әдебиетте жатыр. Тек жастарға ерінбей ізденіп, тіл үйреніп, қиналудан қорықпау керек. Жас кезде еңбектенсең, ертең жемісін көресің» деген ағалық сөзімен қорытындылады. Облыстық кітапхана ұжымы бітімі бөлек, болмысы дара дарын иесіне шалқар шығармашылық пен толағай табыс тілеп, сый-сияпат жасады.

Алуа ЖАҚСЫМБЕТ

Арай. - 2017. - 7 желтоқсан (№48). - 8 б.

 

Яндекс.Метрика