Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Кітап кеңістігіндегі көркем ой

   Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Бір өңір - бір кітап» акциясын оқырман назарына ұсынып отыр. Іс-шараның салтанатты ашылуында жазушы, облыстың Құрметті азаматы Елен Әлімжан мен филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ лента қиды. Аталған акцияның қаңтар айы Бауыржан Момышұлының кітаптарын оқуға арналыпты. Ал ақпан айында Совет Әлімқұлов, наурызда Жарылқасын Аманұлы мен Рафаэль Ниязбеков, сәуірде Күләш Ахметова, мамырда Арғынбай Бекбосын, маусымда Елен Әлімжан, шілде айында Шерхан Мүртаза, тамызда Әкім Тарази, қыркүйекте Әлдихан Қалдыбаев, қазанда Дүйсенбин Пернебай, қарашада Көсемәлі Сәттібайұлы секілді ақын- жазушылардың кітаптары оқылып, талданатын болады.

   Жиында жазушы Елен Әлімжан Бауыржан Момышұлының асыл қасиеттері жайлы айтты. «Баукең туралы аз айтылып жатқан жоқ. Бірақ даңғазалық басым болып бара жатыр. Батырға арналған орталық оның жоғын түгендеу жұмыстарымен айналысып отыр. Институт, оның факультеті мен кафедралары Баукеңнің кітаптарын студенттерге насихаттау мен окытуға көңіл бөлсе. Бауыржанның шығармалары неге көркем шығарма тұрғысынан жаңаша бағаланбай жүр? Ол туралы зерттеу жүргізіп, жазып жүрген жастар да аз. Бауыржанның батырлығы да, жазушылығы да жоғары. Ол ұлттың санасына әсер еткен адам. Ол - қайраткер. Майданда жүріп Оңдасыновқа, Тәшеневке, Әуезовке, Сәтбаевқа хат жазғаны - ұлтының қамын ойлаған кемелділігі. Александр Бек неге генералдар жайлы емес, Баукең жайлы жазды романын? Бауыржан саяси мінберге шыққан жоқ, аудандық кеңеске де депутат болмаған адам. Ол жазушы ғана емес, елін сүйген қайраткер», деді жазушы. Ғалым Сәмен Құлбарақ өз сөзінде Бауыржан Момышұлы мен Тахауи Ахтановтың арасындағы ұқсастыққа кеңінен тоқталды. «Екеуі де майдангер, екеуі де жазушы. Көрнекті ғалым Серік Қирабаев Баукеңнің «Москва үшін шайқас», Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романдарына жоғары баға берді. «Қаһарлы күндер» шығармасындағы Мұрат Арыстановтың образынан Бауыржан Момышұлының келбетін жазбай тануға болады. Жалпы, Баукең соғыс психологиясын терең ашып, терен жазған жазушы», деді Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті Темірбай Мұкашев Баукеңнің даналығы мен даралығының мәнісі неде екенін көпшілікке түсіндіріп берсе, аталған университеттің аға окытушысы Бақытжан Мақашев дара тұлғаны бақытты жазушы деп бағалады. Аталған университеттегі «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев жиналған оқырмандар мен студенттерді Бауыржан Момышұлының кітаптарын окуға шақырып, батырдың шығармалары жан дүниені кемелдендіретін керемет күш екеніне тоқталды.

   Мұнан соң аталған кітапхананың кітапханашылары Бауыржан Момышұлының кітаптарына тоқталып өтті. Іс-шара Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханашысы Алтынай Әбдірайымованың «Жаса, Қазақстан!» атты патриоттык әнді шырқауымен аяқталды.

 

 «Aq jol». - 2023. – 10 қаңтар (№3). – 8 б.

Яндекс.Метрика