Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Есет ақынның ерекше кеші

   Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында облыстық «Аq jol » газетінің тілшісі Есет Досалының «Өлең боп өмір сүремін...» атты жыр кеші ұйымдастырылды. Жазба ақындықпен айтыскерлікті  қатар алып жүрген әріптесіміздің бұл кеші Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы облыстық филиалы және аталған кітапхана ұжымының жаңа жобасы аясында өтті.

   Аталған одақтың облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков жүргізген рухани кешке жергілікті ақын-жазушылар, айтыскерлер, журналистер, студенттер және кеш иесінің шәкірттерімен сыныптастары қатысты. Осынау әсері мол кешке ақынның әкесі Жаңабай Досалыұлының Талас ауданынан арнайы келіп қатысуы жиынның маңызын аша түсті.

   Рухани кеш Жаңабай Досалыұлының ұлына деген ақ батасымен ашылып, Есеттің ерекшеліктерін шәкірті Дидар Апбасов арнау өлеңімен жеткізді. «Ұстаздың осы кеші құтты болсын, Жамбыл ақын туған күнмен қатар келген» деп сөз бастаған Дидар ұстазының жақсы қырларын жырмен өрді.

   Келесі сәтте Есет Жаңабайұлы өзінің «Шалқыма»,«Көктөбем», «Асыл анашым» өлеңдерін оқыды. Кеш көрігін Қазақстанның мәдениет қайраткері , әнші Разия Мәдіханованың Е.Досалының сөзіне жазылған Әбен Шалқарбаевтың «Қазақ елі» әнін орындасуымен қыза түсті. Байзақ аудан ынан шыққан композитор Перизат Оспанованың бейнебайланыс арқылы орындаған «Әкеме» (сөзі Е.Досалыныкі) әндері де жүрек қылын тербетті. Іс-шарада кеш иесіне түрлі сұрақтар қойылып, лайықты жауап қайтарылды. Мәселен, «Өлеңді не үшін жазасыз?» деген сауалға ақын «Жақсы адамдарды жырлау және ел назарын жақсылыққа бұру үшін» деп ұтымды жауап берді. Адамға рухани шабыт сыйлайтын кеште жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы сөз алып, Есеттің елгезектік қасиеті мен еңбексүйгіштігіне тоқталды. Ол:«Бұл азаматтың әкесі Жаңабай ақсақал өте бақытты. Ол өз ұлының атына айтылған ізгітілектер мен жақсы лебіздерді естіп, қуанышқа кенеліп отыр», деп сөзін түйіндеді. Ел-жұртқа танымал ақындар Баймаханбет Ахмет, Ғайни Әлімбекқызы, Үміт Битенова, Ербол Қамбатырлар да ағынан жарылып, кеш иесіне тілек білдірсе, «АR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков те жылы лебізін арнады. Бұдан кейін Е.Досалының шәкірттеріне алма-кезек сөз беріліп, олар да ұстазына деген ақжарма тілегін жеткізді. Мейіржан Жекебаев ұстазының «Ақ қар» өлеңін жатқа оқыса, Айсұлу Жүнісбек жырын арнады. Дидар Басқараев күмбірлете күй тартса, Есеттің екі шәкірті Алина Айдаралы мен Інжу Жаңабай айтыстың әдемі үлгісін көрсетті. Кеш барысында ақынның түрлі әзілдері де айтылып, Есет Досалы «Сыныптастарым», «Қар жауып тұр ма?», «Сезім селі» атты бірнеше өлеңдерін шабыттана оқыды. Кештің лайықты деңгейде өтуіне айтыскер Ахметжан Өзбеков және аталған кітапхана директоры Эльмира Абдин өз ұжымымен бірге үлкен үлес қосты.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

«AR-AI». - 2023. – 1 наурыз (№16). – 8 б.

Яндекс.Метрика