Өмір бойы әдебиетке адалдық таныту кез келген қаламгердің қолынан келе бермейді. Ол да сирек талантқа бұйыратын несібе. Елдік пен парасатты, кісілік пен кішілікті биік рухта жырлауымен ерекшеленген ақын-жазушы, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Ниязбек міне осындай қадау-қадау дарын иелерінің қатарында. Елін, Отанын сүйді, шындықты жазып, ақиқатты қалады. Артында елеулі әдеби мұра, өлмес өлеңдері қалды.
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Әулиеата топырағында туған жазушылардың шығармаларын үлгі ету мақсатында «Жазушымен бір күн» акциясын қолға алған болатын. Акция аясында аталған кітапханада ақын-жазушы Рафаэль Ниязбектің 80 жылдығына орай «Бір сыр бар жүрегімде...» атты әдеби-сазды еске алу кешін ұйымдастырды. Еске алу кешінде аталған кітапхана қызметкерлері ақынның өлеңдерін жатқа оқып, ән де шырқап берді. Ақынның көркем туындыларынан әдеби кітап көрмесі ұйымдастырылды. Енді осы наурыз айында ақынның шығармаларын оқу, насихаттау жұмысы жүзеге асатын болады. Рухани кеш барысында жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан сөз алып, Рафаэль Ниязбекпен мектеп партасында бірге оқығандығынан сөз бастады. «Тоғызыншы сыныпта Алғабас орта мектебінде қатарлас оқыдық. Рафаэль сол кезден зерек, бейнелеп сөйлеуге шебер болатын», деді Елен Әлімжан. Келесі сәтте сөз алған жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы Талас опырағында туған ақынның адами болмысына, әдебиетке сіңірген еңбегіне кеңінен тоқталды. Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Дулатитану» орталығының директоры Сәмен Құлбарақ өз сөзінде Рафаэль шығармаларына ғылыми тұрғыдан талдау жасаса , филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев жазушымен соңғы он жылдың көлемінде кеңінен байланыс жасап, жанына жақын жүргенін айтып, «Көсем» романының айтар ойына, көркемдік деңгейіне кеңінен тоқталып өтті. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы, ақын, Мәдениет саласының үздігі, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыр Рафаэль Ниязбек жайлы ағынан жарылып сыр толғады. Қасқырбай ақынның «Мен Рафаэль ақынның өзіне жақын жүрмесем де өлеңіне жақын жүрдім. Өлеңдерін тұщынып оқыдым» деген ойы көптің жүрегін шымырлатқаны анық. Кеш иесінің туысы Жапар Күздеубеков те толғана сыр шертті.
Іс-шара соңында ақынның жары Күлжан Мұхамедиева сөз алып, кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
- Рафаэль Әулиеатада туғанмен, 60 жыл өмірі Алматыда өтті. Шындықтың шырақшысы болды. 54 жыл бірге ғұмыр кештік. Қазақ радиосында бірге қызмет еттік. Рафаэльдің алаңсыз шығармашылықпен айналысуына жағдай жасадым. Өзі де тыным таппайтын еңбекқор болды. Үлкені бар, кішісі бар 56 кітап жазды. Дінмұхамед Қонаев жайлы екі кітаптың, Асанбай Асқаров жайлы екі кітаптың авторы. Қиын күндерде де жасқанбай шындық жолдан танбады. Қонаев атамызға 300 өлең арнаған. Ол – рекордтық көрсеткіш деп ойлаймын. «Көсем» деген романды жазып, үлгеріп, бітіріп кетті. Қазіргі ел басқарамын деген жастар «Көсем» романын оқып, тағылым алуы тиіс деп ойлаймын.Сіздерге өте ризамын. Алғыс білдіремін. Осы кітапхана ұжымына көп рақмет. Рафаэльдің екінші өмірі мәңгілік екеніне, шығармалары ойлы оқырманның олжасы екеніне қуанамын, – деді ақынның жары.
Шынында да ақынның өзін азапқа салып, толғанып жазған өлеңі – оқырманның олжасы. Елдің жүрегінде қалатын ақындар болады.Олардың қатарында Рафаэль Ниязбек бар.
«Aq jol»-Aqparat»
«Aq jol». - 2023. – 16 наурыз (№30). – 7 б.