Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында «Өлмейтін ерлігіңді дәріптейміз, өнеге өміріңе еліктейміз!» атауымен патриоттық кеш өтті. «Қаламгердің шоқтығы биік шығармалары» тақырыбында шымылдығын ашқан кеш Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қаламгер, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған кітап көрмесінен басталды.
Көрмеге зиялы қауым өкілдері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық полиция департаменті мен қалалық полиция басқармасы, мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінін қызметкерлері және кітапхана оқырмандары қатысты.
Көрмеге Кемел Тоқаевтың 5 және 2 томдық шығармалар жинағы қойылды. Кітап көрмесімен таныстыру барысында кітапхана қызметкерлері Кемел Тоқаевтың алғашқы еңбек жолы журналистикадан басталғанын, жиырмаға толар-толмас шағында соғысқа аттанғанын, 26-атқыштар дивизиясында, кейін 7-гвардиялық танк полкінің құрамында Сталинградты, Беларусь, Украина жерлерін азат етуге қатысқанын баяндады.
Айта кетейік, болашақ жазушы 1948 жылы оқуды бітіріп, «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жауапты қызметтер атқарып, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі «Ведомостінде» бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеді. Жазушының 10-нан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылса, тұңғыш әңгімелер жинағы 1954 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан «Жұлдызды жорық» деген атаумен жарық көрді. Майдангердің «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма» және тағы басқа шығармалары бар. Қазақ қаламгерлері арасынан бірінші болып детектив жанрында қалам тартқан жазушының «Соңғы соққы», «Солдат алысқа кетті» романдары әдебиетіміздің алтын қорына енген.
Кеш соңында қатысушылар туған елдің тәуелсіздігі мен бостандығы жолында жанын қиған боздақтардың ерлігі жадында мәңгі сақталатынын айтып, ардагерлерге алғысын жеткізді.
Есен Өтеулі
«Aq jol». - 2023. – 11 мамыр (№51). – 8 б.