Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Ұлыларды ұлықтаған ұрпақ

   31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, облыс орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Құрбандарға құрмет – ұрпаққа міндет» атты дөңгелек үстел өтті. Кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған жиынға тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Мырзабеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Тарих және география» кафедрасының аға оқытушылары Ерлан Байболов пен Гүлжан Идрисова, студенттер және оқырмандар қатысты. Басқосу барысында Ерлан Түйтебайұлы сауатсыздықты сылтау етіп, халықты қынадай қырған сол кездегі солақай саясатты сынға алды. Ол өз сөзінде арабша әріп танып, сауатын ашқан қазақ халқы ешқашан сауатсыз болмағанын атап өтті.

   – Орыс билігі біздің ұлтты жою мақсатында сан түрлі әрекеттер жасағаны белгілі. Шовинистік пиғылдағы билік өкілдері сауатсыздықты сылтау етіп, халқымыздың бас көтерер тұлғаларын қуғын-сүргінге ұшыратты. Ал, шын мәнінде қазақ баласы сауатсыз болмаған. Ата-бабасы арабша әріп танып, сауатын ашқан ұрпақ қалай сауатсыз болады? Құран жаттап, білімге деген зейіні ашылған жұртымыздың оқу-ағарту ісінде өз қолтаңбасы бар еді. Алайда, келмеске кеткен кеңестік билік мұны ескергісі келмеді. Осылайша, кириллица алфавитін мәжбүрлікпен енгізді. Әрине, бұл әрекет арабша әріп танитын Алаш балаларының бір-ақ сәтте «сауатсыз» атануына жол ашып берді, – деді Е.Байболов.

   Жиын барысында қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін ұлықтау әрі олардың рухтарына құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың міндеті екені кеңінен айтылды. Жиналғандар бейбіт заманның ұландары бардың қадірін біліп, ұлттық намыс пен патриотизмді сақтау жолында аянбай ету керектігін жеткізді.

   Сондай-ақ, бұл күні дәл о сы кіт апханада ұлт болашағы үшін күрескен Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай «Заманынан озған жүйрік ақын» атты поэзия кеші ұйымдастырылды. Кеш барысында рухты жырларымен халқын жігерлендірген қаламгердің өлеңдері оқылды. Бұдан бөлек, қазақ әдебиетінің көрнекті өкіліне қатысты тың деректер оқырмандар назарына ұсынылды. Кітапхана қызметкері Нәзерке Ниязалы шараның мақсаты – жастарға сенген ақынның өлеңдері арқылы жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді сіңіру әрі оларға поэзияның шолпан жұлдызының шығармаларын насихаттау екенін алға тартты. Айта кетейік, өз өлеңдерінде жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік тәрізді қарама-қайшылықты философиялық ұғымдарды шебер суреттеген дара дарын иесі кеңестік жүйенің қуғын-сүргінінің құрбанына айналды.

   Кітапхананың тұрақты оқырманы Нұрболат Аманбек қазіргі қоғамда қазақ жастарының тұлға болып қалыптасуына Мағжанның маржан жырлары мол азық болады дейді. Айтуынша, ақынның рухты да өршіл өлеңдері бүгінгі жастардың рухани жетілуі үшін аса қажетті, құнды дүние. «Мағжан – философ ақын. Ол өз шығармаларында қазақ лирикасының сыршылдығын тереңдетіп, адамның нәзік сезімдеріне тіл бітіре білді. Бұл қасиет әсіресе, оның махаббат лирикасына тән. Ақын ұлттық-мәдени, рухани дәстүрлердің бұзылуына алғашқылардың бірі болып қарсы шықты. Нәтижесінде өзі де солақай саясаттың құрбанына айналды. Бүгінгі ұрпақ өмірге ғашық ақынның өлеңдерін оқып, аманатына адал болуы тиіс», – деді ол.

   Кеш соңында Мағжан өлеңдерін жатқа айтқан қатысушыларға кітапхана ұжымының атынан арнайы Алғыс хат табысталды.

 

 

 

Диас ҚҰЛИБАЙ,

Серікболсын СЕРПЕН,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің конвергенттік журналистика мамандығының

3-курс студенттері.

«Aq jol». - 2023. – 1 маусым  (№60). – 7 б.

Яндекс.Метрика