Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Жазушымен бір күн» жобасы аясында жергілікті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызының шығармашылығына арналған «Сөзден күмбез тұрғызған» тақырыбында әдеби кеш өтті.
Ыбырайым Сүлейменов көшесінің бойындағы «Жастар аллеясында», ашық аспан астында ұйымдастырылған іс-шара барысында Ғайни Әлімбекқызы лирикалық сарындағы өлеңдерін оқып, әдеби кешке жиналған оқырмандарымен сырласты. Сондай-ақ Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері Жанна Асанқұлова, Әскербек Досанов ақынның сөзіне жазылған «Сені сүю», «Қыз жүрегі», «Келерсің өзің», «Қаздар қайтып барады қарашада», «Тағы да келді бір көктем» әндерін шарықтата шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Іс-шарада Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, жергілікті қаламгерлер Шырын Мамасерікова, Үміт Битенова, Бақытжан Советұлы Ғайни Әлімбекқызының поэзиясы туралы ойларымен бөлісіп, ақынға шығармашылық табыс тіледі. Өздері де соңғы жазған өлеңдерін оқып, бір жасап қалды.
«Дәстүрлі жоба аясында кітапханашылар атқаратын жұмыс аз емес. Кітапхана ұжымы алдағы уақытта да жергілікті қаламгерлердің шығармаларын жастар арасында насихаттау жұмыстарын жалғастыруға ниетті. Өйткені Жамбыл жерінде алдыңғы толқынмен қатар жас буын ақын-жазушылар да жеткілікті», дейді кітапхана қызметкері Жанат Жетпісбаева.
Әдеби кеш соңында сөз алған Ғайни ақын шығармашылығын елеп-ескеріп, әдемі іс-шара ұйымдастырған кітапхана ұжымына, алыс-жақыннан келген қаламдас әріптестеріне ризашылығын жеткізді.
Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ
«Egemen Qаzaqstan». - 2023. – 29 қыркүйек (№186). – 16 б.