Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында кітапқұмар қауым үшін бағалы жәдігерлер сақталған. Жарық көргеніне ғасырдан асқан, кемі жетпіс жыл болған жинақтар әлі күнге дейін сөрелердің сәнін келтіріп, кітапхананың мазмұнын ашып тұр.
Мәселен, орыстың атақты жазушысы М.Е.Салтыков-Щедриннің «Помпадуры и Помпадурши» деген шығармалар жинағы Санкт-Петербург қаласынан 1981 жылы жарық көріпті. Содан бері 126 жыл өтсе де, кітаптың ішкі беттері жыртылмаған, әлі күнге дейін әріптері тайға таңба басқандай анық көрінеді. Одан бөлек 1894 жылы Санкт-Петербург қаласынан басылып шыққан «Энциклопедический словарь» кітабының ХІІ томы, 1900 жылы жарық көрген «Живописная Россія» кітабының жетінші томы және 1910 жылы Мәскеуден басылған «Народная энциклопедия» кітабының екінші томы да кітапханадағы сирек кітаптар қатырына жатады. Бір айта кетерлігі, аталған кітаптардың бәрі де славян әріптерімен жазылған екен. Мәселен, «С.Петербургъ», «Томъ» деген жазулардан-ақ уақыттың ұлы өзгерістердің иесі екенін байқауға болады.
Кез келген туындының өзіндік тарихы бар. Кітапхананың мәртебесін көтеріп, кітаптың қасиетін арттырып тұрған бұл жәдігерлердің мұнда қалай жеткізілгені де оқырманды қызықтыратыны анық. Бұл орайда кітапхана директоры Эльмира Абдинова құнды кітаптарға байланысты өз ойын білдірді.
1973 жылы Мәскеудегі Ленин атындағы мемлекеттік кітапхананың қорынан құнды кітаптар ғана іріктеліп алынған. Себебі, барлық кітап бір қорға сыймаған. Осы уақытта Химики қалашығында депозитарлы кітапхана ашылды. Кейіннен орталық кітапханаларда да депозитарлы қор ашылу туралы бастама көтеріліп, осы жылдары Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапхансында депозитарлы қор ашылған. Қорға Алматы, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Атырау және Шымкент облыстарынан сирек кітаптар жинақталды, - дейді Эльмира Елеусізқызы. Кітапхананың депозитарлы қорындағы аса құнды 600 кітаптың атауы Алматы қаласындағы «Кітап мұражайының» каталогына енгізілген екен. Сондай-ақ Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасының қорына 27 дана сирек кездесетін кітаптардың электронды нұсқасы жіберілген. Көнеден жеткен кітаптарға қарап отырып, кітаптың тозбайтын білім, өлмейтін ілім екенін көруге болады.
Хамит Есаман
Егемен Қазақстан. - 2017. - 27 сәуір (№81). - 12 б.