Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Облыстық байқау: кітапханалар «күш» сынасуда

    Қайсы кезең һәм қандай мемлекеттік құрылым - формация болмасын, белгілі бір ұлт пен ұлыстың өзгелерден ерек болып, әлем алдында толықтай мойындала танылуының сыры - ғылым, өнер мен білімді барынша игеріп, сол жолда ұстанған белсенді позициясымен тығыз байланысты.

   Осы басты бағыттан (ал, оның ауқымы кең) адаспаған ел ғана аталған үштік құрамның «қызығы» мен қайтарымын көріп, гүлдене түсері айқын. Ал, басқаның бәрі, оның ішінде, уақытша өз-өзімізді алдау, әсіре ұраншылдық, даурықпа, көзбояшылық пен формальді істер - бекершілік немесе оған «босқа мал шашпақтың керіндегі жасанды кербездік» деп баға берсек болмақ.

   Аталған өнер мен білімнің негізгі қатпарынан адамзат баласы ойлап тапқан тамаша құралдар - қағаз бен қаламның қарымы әрі білім нұрын шашатын басты байлық - кітап деген басты құндылықты да көреміз.

   Осы орайда, еліміз егеменділік алғалы кітапхана ісіне жоғары мән берілгені де күні кеше сияқты. Оның дәлелі, өткен жылдан бері 24-қазан - Кітапханашылар күні болып ресми түрде бекітіліп, ол кітап деген құдіретті күштің орнын белгілеп берді.

   Міне, 2013 жылы «Кітапханалар астанасы» атанған Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі», Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әбдинова Эльмира Елеусізқызының ұйымдастыруымен, облыс бойынша «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауының бастау алуы да көп нәрсені аңғартса керек.

  Осыған дейін облысымыздың 3 ауданында өткен «Ең үздік ауылдық кітапхана» сайысы аясындағы «Ел сыйлаған қаламгерлер» атты әдеби калейдоскоп сәрсенбінің сәтті күні Жаңатоған ауылдық округіне қарасты Мыңқазан ауылдық кітапханасында жалғасын тапты.

  Оқырмандардың дүниетанымын кеңейтіп, тарихымызды тануға, рухани байлыққа деген қызығушылықты арттырып, халқымыздың біртуар ұлдары - Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртазаның шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатқа алынған байқауға Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Әбдинова, аудандық «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-нің директоры Жанат Сүйімқұлова, директордың орынбасары Айман Бүркітбаева, сондай-ақ, тәжірибе бөлісіп, тың жаңалықтар болса жиынтықтауға келген ауылдық округтердің кітапханашылары, кітапхана оқырмандары мен оқушы жастар қатысты.

  Жуырда ғана пайдалануға берілген ауылдық клуб ғимаратында орын тепкен кітапхананың меңгерушісі Лаура Дәриева келген қонақтарды қарсы алып, шуақты күн астында ұйымдастырылған «Бір өңір – бір кітап» атты көздің жауын алар тамаша кітапхана бульварымен таныстырды.

   Сонымен қатар, «Тарихы терең Қазақ елі», «Балаларға базарлық» атты кітап көрмелерін тамашалаған Эльмира Әбдинова, Жанат Сүйімқұлова мен Айман Бүркітбаева жоғарыда аталған кітапхана бульвары мен Лаура Дәриеваның талғампаздығы мен іскерлігін айқындап тұрған кітап көрмесіне жоғары бағаларын берісіп, шығармашылық табыс тіледі.

   Байқаудың келесі бөлігі ауылдық клуб ішінде жалғасын тапты. Мұнда облыстық қонақ 6478 дана кітап қоры бар, 700 тұрақты оқырман (ауылда 1235 тұрғын бар) тіркелген, келім саны 5000, ал, кітап берілімі 8400-ді құрайтын кітапхана жұмысымен танысып, алғысын білдірді.

   Алдымен өткен «Б.Момышұлы - ұрпаққа ұран» атты фристайл-импровизация кешінде оны жүргізушілер - кітапхана меңгерушісі Лаура Дәриева мен ауыл клубының меңгерушісі Әліш Айғазы қазақтың хас батыры Баукең атамыздың өмірбаянымен таныстырды. Ал, ауылдық кітапханашылардан құралған өнерлі топ жазушының «Ұшқан ұя» кітабының желісі бойынша сахналық көрініс қойып, бір қарағанда кәдуілгі әртістердей өнер көрсете алды. Олардың қатарында ауданымыздағы ауылдық округтердің кітапханашылары - Айман Жапарқұлова, Қарлығаш Асанқұлова, Ақбота Дулатова, Айнұр Мырзахметова, Лаура Қопабаева, Гүлмира Сенгірбаева және Махаббат Омарова болды. Ол арқылы біз бар болмысымызбен сол бір тарихи кезеңге еніп, шақалақ Бауыржанның үлкендерден, оның ішінде, бабасы Имаш (1911 жылы 92 жасында дүние салған) пен әжесі Қызтумастан, әкесі Момыштан, анасы Рәзиядан (бұл өмірден ерте кеткен) алған баталарын қатар отырғандай ұйып тыңдадық. Айналайын қазақтың терең де тылсым ырым-жоралғысы тегін емес. Сол бала Бауыржан уақыт өте келе адами тұрғыда алыпқа, азамат ретінде батырға айналды.

   Аталған кеште мектеп оқушылары Ермек Ержігіт, Іңкәр Жұманәлі, Әмина Асқар, Серік Ақсұңқарұлы мен Динара Дәулет, Алинұр Арыстанбек, Назерке Серік, Дінмұхамед Арыстанбек, Байгелді Қылшабай, Іңкәр Медерқызы мен Бекмырза Нұрқанат (Нұрқанаттың ән шырқау қабілеті ерекше, егер тиісті білім алса, шығатын асуы биік болмақ деп топшылаймын) және т.б. жас өнерпаздар арнау өлеңдері мен әндерін шырқап, әсем кештің келбетіне шырай кіргізе алды.

Жалғандық емес, өмір шындығы ашық көрсетіліп, Бауыржандай Бас батырдың образы айқара ашылып, дәлме-дәл дәріптелген кеш «Ұлт рухының жаршысы - Ш.Мұртаза» тақырыбындағы кітап дресс- кодымен алға қарай ұласты.

   Иә, Шерағамыз өз тілімен жеткізсек: қиын кезеңде қараусыз қалып, «қазанынан қақпақ кеткен» өтпелі кезең, солайша ақыры тақыр болған кешегі биліктің «белсіздігін» сонау 1990-2000 жылдардың өзінде-ақ анық байқап, жоғары мінберлерде қасқая тұрып, ашық айтуымен, көзі тірісінде-ақ «Шындықтың жебесі» атанып еді. Ал, бүгінгі кеште Лаура Дәриева ұйымдастырған іс-шара арқылы ІІІерхан ағаның біз білмеген, білсек те назар сала қоймаған жаңаша қырлары ашыла түсті десек, артық айтқандық емес.

Анасы Айша жүкті кезінде сүр етке жерік болған екен. Алайда, «ашаршылықта жеген құйқаның дәмі аузымнан кетпейді»

-           демекші, ашаршылықта ет тұрмақ, құйқа тауып, талғажау ету көптің арманы еді ғой. Солайша, Айша анамыз жері жәннат

-           Жуалының жуасы мен пиязын жеп айызын қандырған деседі. Соның әсері ме, кім білсін, Шераға сырт қарағанда сұсты, жауқабақ көрінетін. Бірақ, ол алғашқы ғана әсер. «Адам сөйлескенше» дегендей, ол кісі шындық үшін шырылдап, елі үшін жан- жүрегі ауырып ащы сөйлегенімен, өмірде аңқылдаған азамат еді. Мен өз басым кейде ойлаймын, Шерағамен бірге аса қажетті ұлт мінезі кетті, шер кетті деп...

Сонымен, жабырқауды кейінге қалдырып, кешке ойыссақ, жүргізушілер Шерағаның өмір жолын жарық күнде шырақ жаққандай ашып көрсетіп, шығармаларына терең талдау жасады. Шерханның әкесі Мұртаза халық жауы атты қармаққа ілінген соң, шешесі Айшаның етегіне жармаса, бала болса да колхоз даласында еңбек етіп, масақ терді, қозы бақты, анасы екеуі шолақ белсенді бригадирдің дырау қамшысының ащы дәмін де тартты...

   Міне, жазушының «Ай мен Айша» шығармасы бойынша дайындалған осы сценалық қойылым да көпшіліктің назарына ұсынылып, жылы қабылданды.

   Кеш соңында бүгінгі байқауды қорытындылап сөз сөйлеген Эльмира Әбдинова мен Жанат Сүйімқұлова ауылдық деңгейдегі кітапхана болғанымен, жоғары жақтағылар да «жаттап» алар көп тәжірибесімен бөліскен мыңқазандық кітапханашы Лаура Аранғазықызы мен ауыл өнерпаздарына шеберліктері үшін шығармашылық табыс тілеп, өнерлерімен өрге басқан оқушы жастарға Алғыс хаттар мен сыйлықтарын табыс етті.

   Ал, аталған облыстық байқаудың түпкі қорытындысы барлық аудандардан таңдауға түскен ауыл кітапханаларының сайысынан кейін белгілі болмақ. Біз, әрине, өз кезегінде Мыңқазан ауылының кітапхана ұжымына сәттілік тілейміз!

 

Облыстық байқау: Кітапханашылар «күш» сынасуда [Мәтін].

/Әлихан Нұралиев.

//Меркі тынысы. 2023. –3 қараша (№84). -2б.

 

 

 

 

Яндекс.Метрика