Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Қазақ өнерінің майталмандары

   Қазақ ұлт болып қалыптасқаннан бастап еліміздің төл музыкасы бірге дамыды. Ән-күй арқылы әдет-ғұрып, дәстүрлі салт-сана ұрпақтан ұрпаққа жетіп, көшпелі халқымыздың рухани мәдениетіне айналды. Сәбиден бастап қарттарымызға дейін қуаныш пен мұңын музыка арқылы жеткізді. Бесік жыры, қыз ұзату, келін түсіру, сүндет той және тағы да басқа ойын-сауық ән-күймен эсерленіп отырды. Әсіресе, лирикалык-әлеуметтік такырыпқа арналған оқиғалы желіде туған, формасы күрделі музыкалар орындаушылығы жағынан мықты шеберлікті қажет етті. Қазақ халқының ақын, жырау, жыршы, әнші, өлеңші, күйшілері музыкалық мәдениеттің негізін қалады.

   Батыс Қазакстан төкпе күйдің отаны саналса, Сарыарқа өңірі дәстүрлі ән орталығы, оңтүстік өңір жыраулық, шешендік сөз өнері, ал Жетісу ақындар айтысын дамытты.Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Естай, Ыбырай, Нартай, Мәди, Мұхит, Абай, Кенен Әзірбаев есімдері тек қазақтың емес, әлем музыка мәдениетінде ойып орын алған.

   Олардың шығармашылығы өзіндік жарқын стилімен және музыкалық қайталанбас таңбаларымен казақ классикалық музыка мәдениетінің мақтанышына айналды.Қарапайым халықты құдіретті музыка үнімен сусындата отырып, олардың өздері де халық арасында үлкен құрмет пен ілтипатқа ие болған. Олардың ең талантты, үздіктеріне халық сал, сері атағын берген. ХХ-шы ғасырда қазақ музыка мәдениеті музыкалық жаңа формалар және жанрлармен байытылып, классикалық Еуропа музыка өнерін - операны, симфонияны, балетті, контатаны, ораторияны, ансамбльді, оркестрді, хор орындаушьшық формасын меңгеріп қана қоймай, жазбаша типтегі музыка өнерінің жаңа кәсіби сазгерлік мектептер ашылып, 30-40 жылдары қазақ ұлттық мәтінді музыкамен және еуропалық классикалық музыканы-органикалық синтез жасау арқылы қазақ опера өнерінде Е.Брусиловский, А.Жұбанов, Л.Хамиди, М.Төлебаевтың классикалық туындылар дүниеге келді. Бұл туындылардың драматургиялық және музыкалық негізі қазақ фольклоры мен ауызша кәсіби музыканың бай қорынан алыңған. Ал, 60-70-ші жылдары республикада еуропалық аспаптық музыканың қиын жанры - симфонияның дамыған уақыты, формасы жағынан классикалық симфонияға келетін Ғ.Жұбанова мен Қ.Қожамияровтың симфониялық күй синтезі өмірге келіп, орындаушылық таланттары жағынан әлемдік классикалық музыка дәрежесіне көтерілген Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, Г.Есимова, Ә.Дінішев, Г.Қыдырбекова, А.Мусаходжаева, Ж.Әубәкіроваларды айта аламыз.

   Халықтың көз алдында дүниеге келіп, өмір кешетін жасампаз да дара өнер - театр. Ол - қасиетті сахна арқылы. көрермен жүрегіне құйылар ғажайып музыка - өмір әні. Актер өнерінсіз сахналық тіршіліктің тоқтайтыны кәдік. Актер. - әрекет әлемінің алтын қазығы. Сахналық бейне актерлік енер арқылы жаңа өмірге аяқ басып, өзіне тән нақтылық пен жеке басына сай ерекшеліктерге ие болады. Сахна саңлақтары көрерменіне рухани азық сыйлап, бар өмірін өнерге арнап, қасиетті сахнаға адал қызмет еткен өнер иелері көп. Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Ш.Айманов, Н.Жантөрин, Ә.Молдабеков, Ф.Шәріпова, Қ.Бадыров, Б.Римова, Қ.Жандарбеков, Қ.Байсейітов, С.Қожамқүлов, С.Майқанова, Ш.Жандарбекова, Х.Бөкеева, Ы.Ноғайбаев, А.Әшімов, С.Оразбаев, Ә.Кенжеев, Т.Тасыбекова, М.Өтекешева, Қ.Тастанбеков, Ә.Боранбаев; Т.Жаманқұлов, Т.Мейрамов, Н.Мышбаева және тағы да басқа азаматтар бар. Қазақ актерлік өнерінің шыңдалуындағы үлкен белеске айналған бұл артистердің шығармашылығындағы сахналық тіл шеберлігі - қазақ актерлік өнерінің жарқын ерекшелігі.

Сәрсенкүл ЖҰМАНОВА, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап

 ғылыми кітапханасы өнер жөніндегі әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі.

«Aq jol». - 2023. – 2 желтоқсан (№138). – 8 б.

 

Яндекс.Метрика