Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Отбасы жылылығы – жылы жүректен

 «Жетімнің маңдайынан сипасаң, жұмақтың жеті есігі ашылады» деген аталы сөз бар. Осы аталы сөзді қағида тұтып, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған сегіз баланы бауырына басқан Меркі ауданының тұрғындары Арыстанбаевтар әулеті жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерімен кездесті.

    Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында еліміздің көркеюіне үлес қосқан, есімі ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту мақсатында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жүзеге асты. Жоба бойынша Жамбыл облысынан 8 адам жеңімпаз деп танылған болатын. Сол есімі алтын әріппен жазылуға лайық деп танылғандар арасында өз балаларынан бөлек, сегіз баланы бауырына басқан Меркі аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясының аға сержанты Ғалым Арыстанбаев та бар. Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы осынау игілікті істі игеріп, жетімдер үйінің сегіз баласын бауырына басқан жанұямен «Жаныңда жүр жақсы адам» тақырыбында кездесу өтіп, балажан отбасының тәлім- тәрбиесін жастарға үлгі етті.

   Жетімдер үйінде өскен әр баланың тағдыры әртүрлі. Бірі тоғыз ай, он күн көтерген нәрестесінің тағдырын тас жолдың бойына тапсырып кете барған желкілдек ата-ананың «тірі» жетімі болса, енді бірі бөбегіне өлшеуші өмірдің тауқыметін арқалатып, тағдырға қылар қайраны қалмай, ажал құшқан ата-ананың артында қалған жәудір көзі. Жетімін жылатпаған қазақтың кең пейілімен, туылмай жатып өмірдің кермек дәмін татқандарға жанашырлық танытып, жетімдер үйіне бас сұғып, тағдырлы балғындардың тірегіне айналуды мақсат тұтқан Арыстанбаевтарға қандай мақтау, мадақ болса да лайық.

   Қазіргі таңда 11 бала тәрбиелеп отырған отбасының 6 ұл, 5 қызы бар. Олардың 8-і жетімдер үйінен алынған әзірбайжан, қытай, өзбек, сыған, орыс, ұйғыр, татар сынды әртүрлі ұлт өкілдерінің бүлдіршіндері.

   – Өз отбасымызда 3 бала дүниеге келген. Біз қыз асырап алуды арман еттік. Бір бала асырап алу мақсатында Меркі ауданындағы В.Савва атындағы балалар үйіне бардық. Ол жерден түрлі жастағы 4 баланы, артынан тағы үш баланы үйге ертіп келдік. Біз бір отбасындағы балаларды бір- бірінен ажыратқымыз келмеді. Тағы бір баланы Тараздағы «Үміт» сәбилер үйінен алдық, – дейді отағасы Ғалым.

   Кездесуге он бір перзентін жетектеп Ғалымның анасы, балалардың әжесі Нұрсұлу Жапарқұлова мен жары Әлия Көбегенова да келді.

   Кешті жүргізген кітапханашы Нұршат Әбдірахманова Кеңесхан мешітінің бас имамы Жұмағұл Қанат пен Жамбыл облыстық дін басқармасының психолог маманы Ләззат Мырзашқа сөз кезегін беріп, Арыстанбаевтар отбасының ой салар игі ісіне қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.

   Кітапхана қызметкерлері сондай-ақ кеш барысында осы отбасы күтпеген жылы жүздесулерден өз кезегінде түрлі тосынсый ұйымдастырды.

   Даладай дархан пейілді әке мен күндей ыстық көңіл иесі ананың аялы алақанына не жетсін?! Әр баланың көзінен бақыттың ұшқыны байқалып, жанарында нұр ойнап тұрды.

Құралай Сейсенбекқызы

Жамбыл Тараз .- 2018.-12 қаңтар (№4).-7 б.

 

 

 

Яндекс.Метрика