Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Ақжалын ақын, тағдырлы тұлға

    Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының «Ел болып оқимыз» облыстық жобасы аясында аяулы ақын Серік Томановтың шығармашылығын насихаттауға арналған «Ақ жалынды, ардақты ақын» еске алу кеші ұйымдастырылды.

   Іс-шара кітапхана қызметкерлерінің ақын өлеңдерін жатқа оқуымен басталды. Томановтың ойлы өлеңдері іңкәр көңілдерді тербей түсті. Жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы аяулы ақынмен бала күндері бірге өткенін, Серік ақынның кітап оқуға кішкентайынан құштар болғанын айтып, әсерлі естелігімен бөлісті. Ол Ақкөлде Нарша, Серік, Телғара секілді талантты топпен бір редакцияда еңбек еткенін айта келіп, Томановтың «Жылқы артқан машиналар» атты өлеңін оқып берді.

   Мұнан соң облыстық адвокаттар алқасы Тараз қаласы №1 заң кеңсесінің адвокаты Абдулла Бақбергенұлы сөз алып, Серік ақынмен бірге өткен күндерге сапар шегіп, «У» деген жыр жинағының шығуына демеуші болып, атсалысқанын айтты. Абдулла Бақбергенұлы: «Ақын Серік Томанов – исі қазаққа танымал есім. Өрелі өлеңдері арқылы өзі туып-өскен Талас топырағының, қасиетті Әулиеатаның атын айдай әлемге шығарды. Серік Жапарұлына көшенің, мектептің, ауылдың атын берсе де артық емес. Талас ауданы әкімдігі ойластыратын бір іс осы», – деді.

   Еске алу кешінде әдебиеттің  аяулы өкілі С.Томановтың шәкірті, ақын Азамат Есалы ұстазының «Арттағыға сөз қалсын», «Жол бойына жерлеңдер мен өлгенде», «Әкіммен әңгіме» өлеңдерін оқыды. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншісі Жасан Тұрсынбайұлы Серік ақынның талай өлеңдері Ақкөл ауылында туғанын,  «Қырғыз бауыр келгенде» атты өлеңінің әсерімен қырғыз ағайындар Әулиеата жеріне, оның ішінде Талас ауданына жеткілікті мөлшерде су бөлгенін айтып өтті.

   Жасан Тұрсынбайұлы орындаған Серік Томановтың сөзіне жазылған «Аққулар», «Қызыл көйлек киген қыз»  әндері  ел көңілін тербетті. Ақын Нұржан Қадірәлі ақын рухына арнап, толғана жыр оқыды. Кеш соңында ақынның жары Бибігүл Оразбаева аяулы ақынның рухына жасалған құрмет үшін кітапхана ұжымына, қонақтарға алғысын білдірді.

   – Серік Ақкөлде аудандық газетте еңбек етіп жүргенде көптеген өлеңдерін жазды. Бас редактор Әбдірахман Әбдірәсілов үнемі қолдау білдірсе,  әріптестері Нарша, Телғара, Көсемәлі, бәрі шығармашылық байланыста болып, бірінің ойын бірі толықтырып жүрді. Әлем әдебиетінің үздік шығармаларын, еліміздің классик қаламгерлерін іздеп жүріп оқыды. Өзі де өрелі ақынға айналды. Мейірімді әке болды. Қызы мен баласына шық жуытпай, еркелетіп, көтермелеп отырды. Ұл-қыздары әке үмітін ақтады. 2003 жылы 31 қазанда ұлағатты ұстаз Сейсекүл Исматованың ұйымдастыруымен университетте Серік Томановтың кеші өтті. Бұл Серіктің соңғы кеші болды. Арада апта өткенде Секеңнен айырылып қалдық.  Өмірден озғанына 20 жылдан асса да, ұмытылмайды.  Жалпы, кітап оқитын жас ұрпақ көп болсын. Жастар Серік ақынның да өлеңдерін оқып жүрсін. Бәріңізге рақмет, – деді ақынның жары.

Есет Досалы,

«Aq jol». - 2024. – 11 қаңтар (№4). – 8 б.

 

 

Яндекс.Метрика