Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Көсемәлінің көркем әлемі

    Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлының 65 жасқа толған мерейтойына орай Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап- ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Көсемәлінің көркем әлемі» атты шығармашылық кеші облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты көркемсурет галереясында өтті.

   Жазушымен жүздесуге оқырман көп жиналды. Әуелі облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып беріп, басқарма атынан қаламгерге сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ, ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанның мерейтой иесіне жолдаған құттықтау хаты да оқылды. Ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов арнау өлеңін оқи келіп: «Мен Көсемәліні республикалық баспасөздерге еңбегі сіңген қаламы ұшқыр журналист, көркем туындылары көңілден шыққан талант иесі деп танимын. Мүмкін болса, шығармашылық кешін Алматыдағы үлкен әдеби ортада өткізіп, құрметтеу керек» десе, ақын, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасерікова жабығып жүрген шағында жанашырлық танытқан азаматтық келбетіне кеңінен тоқталды. Ақын Ғайни Әлімбекқызы да жылы лебізін жеткізді.

   Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың құттықтау хатын Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов жеткізіп: «Көсемәлінің «Егемен Қазақстан» газетіне Сарысу ауданы, Жайылма ауылынан жазған сын мақаласы әсерлі болғаны сондай, ертеңіне Жайылмадағы жағдайды білу үшін облыс әкімі Серік Үмбетов сол ауылға арнайы барды. Бұл – журналистің мықтылығы. Көсемәлінің әулеті Олжас секілді әлемге танымал спортшы шығуымен де ерекше», – деді.

   Ақын, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатырдың арнау өлеңі елге жақсы әсер сыйласа, Қазақстанның құрметті журналисі Асқарбек Сейілхан, ақпарат саласының үздігі Ақылжан Мамыт мерейтой иесіне жылы лебіздерін жеткізді. Іс-шарада мерейтой иесінің соңғы айларда қазақ детективінің дарабозы, жазушы Кемел Тоқаевтың өмірінен «Жалғызқара» атты роман жазып шыққаны да назардан тыс қалған жоқ. «Aulieata- Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы інілік ізетін білдіріп: «Алпыстың асқарынан асқан ағаларды бір-бір тұлға деп бағалаймыз. Сол құрмет биігінде жүріңіз», – деді.

   Мұнан соң Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлері кеш иесіне арналған арнау өлеңдер бойынша композициялық көрініспен ерекшеленсе, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Жасан Тілеубеков орындаған, Нарша Қашағанұлының сөзіне жазылған «Таласым» әні жүрек тебірентті. Шу ауданының Құрметті азаматы, ақын Сәт Мәлібекұлы, айтыскер ақын Ербол Қамбатыровтың да жылы лебіздерін көпшілік ықыласпен тыңдады.

    Іс-шара соңында Көсемәлі Сәттібайұлы сөз алып мерейтойына ортақтасқан барлық қонақтарға, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының ұжымына алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

«Aq jol». - 2024. – 3 ақпан (№14). – 8 б.

Яндекс.Метрика