Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Қаламгер құрмет құшағында

   Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты, қарымды қайраткер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы 65 жасқа толды.

   Қаламгердің мерейлі жасына орай Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасы «Көсемәлінің көркем әлемі» атты шығармашылық кеш ұйымдастырды. Жиын облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Көркемсурет галереясында өтті.
   Іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен жазушының қаламдас әріптестері жиналды. Әріптес достары мерейтой иесінің шығармашылық пен журналистика саласының тізгінін қатар ұстап, әдебиет айдынында еркін құлаш сермеп келе жатқан қаламгердің қазақ әдебиеті мен журналистикасына сіңірген еңбегі жайында сыр шертті.
   Жиынды облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай құттықтау сөзімен ашты.
– Сіздің өңірге сіңірген еңбегіңізді, әдебиет пен журналистикаға қосқан үлесіңізді ел-жұртыңыз жақсы біледі. Әлі де сізден аларымыз көп. Мына жиналған халықтың атынан, өзім жетекшілік етіп отырған басқарма атынан шығармашылық табыс, мол жетістік тілеймін, – дей келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
   Кеш барысында ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанның мерейтой иесіне жолдаған құттықтау хаты да оқылды. Ол да жылы лебізге толы.
   Кеште сөз алған ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов та қуаныш иесіне арнау өлеңін оқи келіп: «Мен Көсемәліні республикалық баспасөздерге еңбегі сіңген қаламы ұшқыр журналист, көркем туындылары көңілден шыққан талант иесі деп танимын. Мүмкін болса, шығармашылық кешін Алматыдағы үлкен әдеби ортада өткізіп, құрметтеу керек», – деп баға берді.
Ал ақын, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасерікова жабығып жүрген шағында жанашырлық танытқан азаматтық келбетіне кеңінен тоқталды. Осындай ризашылықты ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионовтың, ақын Ғайни Әлімбекқызының сөздерінен де аңғардық.
– Көсемнің «Егемен Қазақстан» газетіне Сарысу ауданының Жайылма ауылынан жазған сын мақаласы әсерлі болғаны сондай, ертеңіне Жайылмадағы жағдайды білу үшін облыс әкімі Серік Үмбетов арнайы барды. Бұл журналистің мықтылығы, – деген Жаңабай Миллионұлы сөз соңында ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың құттықтау хатын жеткізді.
   Ақын, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыр, Қазақстанның Құрметті журналисі Асқарбек Сейілхан, Ақпарат саласының үздігі Ақылжан Мамыт та мерейтой иесінен жылы лебіздерін аямады.
Жазушыға «Aulieata Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директоры Данияр Асқарұлы інілік ізетін білдіріп: «Алпыстың асқарынан асқан ағаларды бір-бір тұлға деп бағалаймыз. Сол құрмет биігінде жүріңіз», – деді.
Мұнан соң Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлері кеш иесіне арналған арнау өлеңдер бойынша композициялық көрініспен ерекшеленсе, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Жасан Тілеубеков орындаған Нарша Қашағанұлының сөзіне жазылған «Таласым» әні жүрек тебірентті.
   Шу ауданының Құрметті азаматы, ақын Сәт Мәлібекұлы, айтыскер ақын Ербол Қамбатыровтың да жылы лебіздерін көпшілік ықыласпен тыңдады.
   Іс-шара соңында Көсемәлі Сәттібайұлы сөз алып, мерейтойына ортақтасқан барлық қонақтарға, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының ұжымына алғысын білдірді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

«AR-AI». - 2024. – 2 ақпан  (№9). – 2 б.

 

Яндекс.Метрика