Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

КЕЗДЕСУ

Жақсының жақсылығын айт...

    Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген полиция аға сержанты Ғалым Арыстанбаевпен «Жаныңда жүр жақсы адам» атты кездесу өтті. Көп балалы әкенің адами еңбегін насихаттап, өскелен ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеу, отбасылық әдет- ғұрыптарды дәріптеу, жастарға үлгі ету мақсатында өткен шараны кітапхана директоры Эльмира Абдинова ашып, жүргізіп отырды. Жиынға арнайы шақырылған «Айсұлу ана» мешітінің бас имамы Қанат Қуанышбеков, облыстық дін істері баскармасының психолог маманы Ләззат Мырзаш еліміздің дамуына үлес қосқан адамдарды кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы шындығында да бұрын-соңды болмаған тың идея екендігін атап өтті.

    Кездесудің басты қонағы Ғалым Арыстанбаев балалар үйінен 8 баланы қамқорлығына алып, жары Әлия екеуі бауырларына басқан. Соның арқасында олар бүгінгі күні өздерінін 3 перзентімен бірге 11 баланың ата-анасы атанып отыр. Ғалым Қазбекұлына тосын сый ретінде кітапханашылар 1996-1997 жылдар аралығында Қапшағай қаласында Отан алдындағы борышын бірге өтеген жолдастарын кездесуге арнайы шақырыпты. Олар Ғалымның азаматтық ерлігін мақтана айтатындықтарын жеткізді. Сондай-ак іс-шараға Тараз каласы №15 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері және Жамбыл медицина колледжінің білімгерлері қатысып, кеш кейіпкеріне сұрақтар қойды. Кездесу соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Жанғазы Ахмет

 Ақ жол. - 2018. - 16 қаңтар (№6). - 4 б.

 

Яндекс.Метрика