Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Газет – ұлттық идеяның ұйытқысы

   Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап – ғылыми кітапханасы «Журналистика – төртінші билік» кітапханалық жоба аясында «Aq jol» газеті – ұлттық идеяның ұйтқысы» атты сұхбат кешін ұйымдастырды. Кешке Ақпарат саласының үздігі, ардагер журналист Ақылжан Мамыт, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ақын, журналист Хамит Есаман және газет тілшісі, ақын Үміт Битенова арнайы шақырылды.

   Журналистика адам тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналған ақпарат алмасу қажеттілігін қанағаттандыратын өзгеше сала. Қоғамдық қарым-қатынас нысаны ретіндегі журналистік қызметтің арғы формалары ежелгі уақытта пайда болған. Ол өткен дәуірлердегі әр халықтың, мемлекеттің ең жақсы дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен тікелей сабақтасқан мәдениетінен тамыр тарта өрбіді. Мәселен, кезінде біздің халқымыздың ауыз әдебиеті мен фольклоры ел ішінде тұрмыс-салт үлгілерінің түрлі ақпаратын жинақтау, өңдеу, беру және тарату тәсілін атқарғаны мәлім. Ақпарат нарығындағы тұтынушының сұранысына қарай өзгеріске ұшырап, сан қырмен өңделген сол кәсіптің иелері – журналистер деп аталады.

   Терең тарихтан бастау алып, қазақ елінің қоғамдық-саяси оянуы мен мәдени-ағарту ісінің дамуына әсер еткен газеттердің бірі ретінде аймақ оқырмандарын сусындатып отырған «Aq jol» газеті мен оның қызметкерлері аталған іс-шараның өзегі болды.

   Кеш қонақтары журналистиканың мамандық иесінен жан-жақты, талантты, байқампаз, сауатты болуымен қатар, жеделдікті талап ететін күрделі сала екеніне тоқталды. Журналистің өз еңбек жолында әртүрлі дәрежедегі, қилы деңгейдегі адамдармен тілдесуіне тура келетіндігін атап өтті. Сонда оның шама-шарқы кейіпкерінен асып тұрмаса, кем түспеуі тиістігі ең басты талап болатындығы баса айтылды.

   Өңір айнасы, аға газет атанып отырған «Aq jol» газетінің де ақпарат айдынындағы маңызы мен рөлі жайлы тартымды әңгімелер кездесуге келген студенттер мен оқырмандардың назарын аударды. Білімгер жастар қиын да қызықты салада жұмыс істегісі келетін болашақ жас маманның ең әуелі көп оқып, көп білім алуын, халыққа дайындаған материалды дәлме-дәл, бұрмалаусыз, қатесіз әрі көркем жеткізуі қажеттігін ұғынып, ғаламтордағы мәнсіз-мағынасыз хабарларға, жалған ақпараттарға көзсіздік танытудың зияндығына көз жеткізіп, тағы да басқа көптеген тақырыптар жайлы өздеріне кеңінен мағлұмат алды.

 

Үміт БИТЕНОВА

«Aq jol». - 2024. – 16 ақпан (№31). – 3 б.

Яндекс.Метрика