Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Таланты бөлек Маралтай

   Қазақ поэзиясының аспаны кең десек те, әр ақынның қанат қағатын өз биігі бар. Сондай дара болмыс иесінің бірі – Маралтай Райымбекұлы. КСРО-ның Халық әртісі және КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асанәлі Әшімов М.Райымбекұлының «Қаратау ғазалдары» атты жыр кітабына жазған алғысөзінде: «Жалпы, өнер адамдарына тән нәрсенің бірі – қыжыл. Қыжылсыз тақтайдай тегіс өмір сүрген адамда тағдыр да, өнер де болмайды. Ақын – мұңның баласы. Маралтайда да мұң басым», –деп толғаныпты.

   Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлының шығармашылығына арналған «Жүйрік қалам, жылы жүрек иесі» атты әдеби-сазды кеш өтті. Әуелі Маралтай Райымбекұлы аудиожазба арқылы өзінің ыстық сәлемін жолдап, аталған кітапхана ұжымына алғысын білдірді. Іс- шарада ақын, Білім беру ісінің үздігі, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Үміт Битенова өзіне жарасатын мінезі бар Маралтайдан ғажайып жазба ақын шыққанын сөз етіп, ертеректе өңірімізде өткен бір айтыста онымен сахнада сөз сайысқа түскен сәтінен әсерлі естеліктер айтты. Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, ақын Жапар Сатылғанов таланттың бәрі ауылдан шығатынын айта келіп, ауыл баласы Маралтайдың өлеңдегі биік табыстарына тоқталды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев ақын жайлы естеліктер айта келіп: «Маралтай біздің университетте оқыды. Сол кезде шаш қоюымен ерекшеленіп, арнасынан асып жүретін. Мұқағали Мақатаевты тереңдетіп оқып, кез келген өлеңін жатқа білетін. Маралтайдың керемет кең тынысты ақын болуына сол қазақ ақындарын жаттап өсуі ерекше әсер еткені анық», – деді.

   Жас ақын Ғайникен Маралтайқызының сөзінде оқырмандар жоғары ықыласпен тыңдады. Ол әкесінің бірқатар өлеңдерін жатқа оқып берді. Кеш барысында кітапханашылар және аталған кітапхананың тұрақты оқырмандары Маралтай ақынның жырларын жатқа оқыды. Кітапханашы Алтынай Әбдірайымова «Жаса, қазақ!» атты патриоттық әнді шырқады. Кешті аталған кітапхана директоры Эльмира Абдинова қорытындылап, келген қонақтарға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

«Aq jol». - 2024. – 4 сәуір (№38). – 8 б.

Яндекс.Метрика