ӨТКЕН ЖЫЛЫ ЖАРЫҚ КӨРГЕН «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» АТТЫ ЖАҢА ЕҢБЕГІ ТУРАЛЫ ПРЕЗИДЕНТТІҢ: «БҰЛ КІТАП МЕНІҢ ҰЛЫ ҚОЛДАУШЫМ, КЕМЕЛ КЕЛЕШЕГІНЕ ӨЗІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОЛЫМЕН ҚАРЫШТАҒАН ЖАСАМПАЗ ХАЛҚЫМА АРНАЛАДЫ» ДЕУІ БЕКЕР ЕМЕС. ЕГЕМЕН ЕЛ БОЛҒАН ЖЫЛДАРДАҒЫ МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ТҰТАСТАЙ ӨРЛЕУ-ӨСУ КЕЗЕҢІН ҚАМТЫҒАН ТУЫНДЫ ТАРИХИ ЖЫЛНАМА СЕКІЛДІ.
Кітап қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Сонымен қатар Мемлекет басшысының дербес парақшасында электронды нұсқасы жарияланды. Бұл көптеген оқырманның Елбасы еңбегімен танысуына жол ашқан тамаша қадам болды. Президент туындысын іздеп, оқуға қызыққан жұртшылық керегін осылай тез тапқанына қуанды. Себебі бұл еңбекте тәуелсіз еліміздің жаңа тарихы баяндалған, келешегінің қандай болатыны көрсетілген. Егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің маңызы мен тетіктері баяндалады.
Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай. Тәуелсіздік дәуірінің әр кезеңі бірнеше бөлімге топтастырылған туынды 508 беттен тұрады. Нақтырақ айтқанда, «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруында» 1991-1995 жылдардағы оқиғалар баяндалса, 1996-1999 жылдардың тарихы «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы» бөліміне енгізілген. «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруында» 2010 жылдардан бергі уақытты қамтиды.
Әр бөлімі бірнеше тарауға бөлінген. Олардың да атауларына зор мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі дәл суреттелген. Атап айтқанда, «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай...», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын бас қала!», «Саяси тұрақтылықтың жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Бұрын-соңды болмаған зияткерлік өрлеу» және басқа бөлімдерде еліміздің жарқын сәттері көрініс тапқан.
Кітапта еліміздің егемендік алған 26 жыл ішіндегі қолжеткізген 33 үздік нәтижесі жазылған. Сол толайым табыстардың ең елеулісі – тәуелсіз Қазақстанды әлемнің мойындауы. Мемлекетіміздің ядролық сынақ алаңын жапқан бірінші ел болып тарихқа енуі де үлкен жетістік. Бас шаһарымыз Астананың бой көтеруі, ел экономикасының қарышты қадамы, Қазақстанның бірнеше ірі халықаралық ұйымдардың мүшесі болып, төрағалық етуі ғаламат тарихи сәттер екені анық.
Былтыр үшінші жаңғыртуға қадам басқан еліміз рухани жаңғыру үдерісін ұмыт қалдырған жоқ. Халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізіп, елдің мәртебесін арттырып, мерейін өсірді.
Бұл кітап – тұнған тарих. Елбасы еңбегінде Қазақстанның келешектегі даму мүмкіндіктері де анық жазылған. Сонысына қарай туынды тек тарихшылар мен саясаткерлерге ғана емес, ел ертеңіне бейжай қарамайтын кез келген оқырман үшін құнды.
Эльмира ӘБДИНОВА, Ш.Уәлиханов атындағы
облыстық әмбебап-ғылыми
кітапханасының директоры
Ақ жол. - 2018. - 8 ақпан (№16). - 2 б.