Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Табиғаты бөлек талант

    Сурет әлемі деген - тылсым сиқыр. Еріксіз арбайды. Сіз еліміздің ірі қалаларында өткен республикалық, халықаралық сурет көрмелеріне өз ақшасымен баратын суретші жайлы естігенсіз бе? Өңірімізде ондай кісі бар. Ол - Қазым Аманқосов. Негізі, кез келген суретші аттам жерде көрмесіне қаражат сұрайды немесе демеуші іздейді. Ал, Қазым ең әуелі әр қалаға қарызданса да өз ақшасымен барған. Есесіне, оны барша өңірлердің суретшілері таниды.

    Біз бұл туралы Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында Қазым Аманқосовтың шығармашылығына арналған өнер кешінде хабардар болдық.

     «Өнер - өмір өрнегі» тақырыбымен өткен рухани кешті аталған кітапхана қызметкері, Ақпарат саласының үздігі Ерман Әбдиев ашып беріп, жүргізіп отырды. Жиын барысында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші, мүсінші Қазым Аманқосов Байзақ ауданы, Шахан ауылында өткен кіршіксіз таза балалық шақтарына сапар шекті. Ол: «Шахан ауылының жүзімдік суаратын арығының жағасында асыр салып ойнап, қиялға беріліп өстік. Туған ауылдың табиғаты сурет салуыма сұранып тұратын. Мектеп бітірісімен Таразда сурет, сызу, еңбек технологиясы пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Ал, кәсіби суретшілігім өз ізденісімнің жемісі. Біз суретімізді тарату арқылы ақша табуды емес, шығармашылық тұрғыда жетістікке жетуді ойладық», - деді.

    Мұнан соң сөз алған жазушы Баймаханбет Ахмет жамбылдық танымал суретші Қырғызбай Қаңтарбаевтың есімі ескерусіз қалып бара жатқанын айта келіп, Қазымның да көрген кісінің көзі тоятын сурет қазыналары туралы ағынан жарылып ой қозғады.

  Суретші Мұрат Жексенбаев сонау тоқсаныншы жылдары қаражаттың қиын кезеңінде де Қазым екеуі соңғы тиындарына пойызға билет алып, республикалық көрмелерге қалмай қатысып жүргендерін қызықты баяндады. Ал, «Жамбыл облысының қолөнершілер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Бисенов кеш иесінің керемет талантына тоқталып, казіргі жас суретшілердің көпшілігі ақша табуды бірінші орынға қоятынына қынжылыс білдірді. Кеш барысында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты әлеуметтік оңалту орталығы директорының орынбасары Қарлығаш Дәуірбаева, облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты көркемсурет галереясының меңгерушісі Балнұр Райкұлова суретшінің табандылығы, терең таланты жайында әсерлі әңгімеледі. Осы орайда облыстық мамандандырылған күрес қызметі басқармасынан бірнеше полиция қызметкерлері келіп, суретшінің кешін тамашалағаның айта кеткен жөн. Аталған кітапхананың кітапханашысы Алтынай Әбдірайымованың орындаған «Желдірме» атты әні де көпшілік көңілінен шықты.

    Іс-шара соңында суретші Қазым Аманқосов кешті ұйымдастырушыларға және қонақтарға алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ

«Ақ - жол». - 2024. – 17  тамыз (№94). – б.8

Яндекс.Метрика