Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Фотосуретті өнер деңгейіне көтерген АЛТЫНБЕК

    Әріптесіміз Алтынбек Қартабайдың шығармашылық жұмысының нәтижесіне көз салсаң, табиғаттың сұлулығы, әсем гүлдер мен Тараз қаласының күндізгі-түнгі келбеті, ұлттық киімдегі қазақ қызының бейнесі, балбал тастар мен ұлттық құндылыққа негізделген тарихи-мәдени нысандар және басқа да көзтартарлық көріністер көз алдыңа еш боямасыз, айна қатесіз ұсынылады.

    Жайшылықта біреу «Мұндай құдірет фотоаппараттың арқасында пайда болады» деп ойлауы мүмкін. Бірақ талантсыз, талғамсыз, сезімталдық пен еңбексіз сәтті дүние жасалуы мүмкін емес. Сондықтан да Алтекеңнің кез келген туындысынан оның айтпақ болған ойын ұғынуға болады. Оның түсірген суреттерінің көзің түссе сөйлеп ала жөнелуі әріптесіміздің тақырыпты дұрыс таңдауынан, композиция мен ойды іске қоса алуы, шығармашылық таланты мен жүрек сезімталдығын ұштастыра отырып, «шүріппені» дер кезінде басып қалуынан деп есептейміз.

    Міне, Алтекеңнің артықшылығы осында.Шопан шаңырағында дүниеге келіп, Талас ауданының С.Шәкіров атты аядай ауылынан шыққан А.Қартабай фотоөнермен газетке келмей тұрып айналысқан екен. Аумалы-төкпелі кезеңде күнкөріс қамымен орталық алаңда елді ақыға суретке түсіріп, әуесқой фотограф болып жүрген Алтынбек Болатұлының арманы газетте фототілші болып еңбек ету еді. Осы арман жетегімен бір кездері облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Aq jol» газетінің де есігін қаққан көрінеді. Бірақ жұмысқа орналасудың реті болмапты.

    2005 жылы облыстық «AR-AІ» жастар газеті ашыларда жерлесі, журналист Азамат Есалы Алтекеңді осы басылымның алғашқы бас редакторы болған Болат Бекжановпен таныстырады. Содан бері, яғни «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «AR-AІ» жастар газетінде табан аудармай 19 жылдан бері фототілші болып еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында Алтынбек Қартабай үнемі ізденісте болып, кәсіби шеберлігін шыңдай түсті. Соның арқасында айналасына кәсіби фотограф ретінде кеңінен танылды. Халықаралық, республикалық байқауларға творчестволық еңбектерін ұсынып, жүлделі орындарды да иеленді. Тараз қаласында бірнеше рет дүркіреген фотокөрмесі өтті.

    Жақында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы Қайрат Рысқұлбеков саябағында Алтынбек Болатұлына арналған «Алтынбектің фото әлемі» тақырыбында өнер аялдамасын ұйымдастырды. Бұл – өнерді бағалау, өнер адамына деген құрметтің белгісі болса керек. Талант иесіне арналған көрменің келушілерді тамсандырғаны – автордың шығармашылық әлеуетінен бөлек, жиынның өзгеше форматта, табиғат аясында өтіп, туындылардың көгалда жайылып жатуы еді. Шығармашылық өнер иесінің қолынан шыққан дүниелерді аралап көріп, көз алдындағысын саралап барып бағасын берген игі жақсылардың да сөзі салмақты шықты.Сол кезде фотографтың анасы Алтынкүл Солағайқызының тебірене сөз сөйлеуі, кейіпкеріміздің балалық шағынан сыр шертуі ананың перзентіне деген тілеулестігінің айшықты көрінісі болды.

    – Мен он екі перзентті өмірге әкелдім. Оның алтауы ұл, алтауы қыз. Алтынбек Талас ауданының Ақкөл ауылында дүниеге келді. Бала-шағамның барлығы да қазір үйлі-баранды. Біз оқымасақ та балалар оқып, білім алды. Ұл-қызымның ішінде Алтынбек осы өнер жолын таңдап, көптің құрметіне бөленуде. Ана үшін баласының жеткен жетістігін көру – ол да бір бақыт, – деді Алтынкүл Солағайқызы.

    Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана ұжымы үнемі облыстың руханият саласына, оның ішінде қаламгерлерге, өнер адамдарына қолдау көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етті.

    – Алтынбек, сен соңғы онжылдықтың ішінде аймағымыздың фотошежіресін жасадың. Сенің әрбір суретің сөйлеп тұрады, сенің әрбір суретіңде табиғат пен адамның өзара үндестігі бар. Қай фотоңды алайық, сұлулықтың лебі есіп тұрады. Облыста елгезек, еңбекқор 3-4 кәсіби фототілші бар. Сол фотографтардың еңбекқорлығы мені тәнті етеді. Сендердің туындыларың – тарих, қазірден бастап халықтың әжетіне жаратылып жатыр. Еңбегің жана берсін, ел-жұртыңды шығармашылық талантыңмен тамсандыра бер, – дей келе, Ж.Миллионов Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының алғыс хатын табыс етті.

    Облыстың Құрметті азаматы, «AR-AІ» жастар газетінің ашылуына себепкер болған басылым жанашыры Масат Берік аталған іс-шара өнерге деген құрмет болса, Алтынбек Қартабай сол өнердің ірі өкілі екенін сөз арасына қосты. «AR-AІ» жастар газетінің ашылу тарихына тоқталып, сол газеттің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген маманның бірі Алтынбек Болатұлы екеніне тоқталды.Еңбегі елге елеулі фототілшілерді арнайы номинациямен марапаттау, фототілшілердің одағын ашу жайлы ұсынысын жеткізді.

    – Көрме біз көріп жүргендей, яғни қалыптасқан жағдайда емес, табиғат аясында өтіп жатқаны көңілге бір жылылық ұялатты. Фотоаппарат ұстағанның бәрі фотограф емес. Өнер атаулының ішіндегі үлкен өнердің бірі – фотоөнер. Ол кез келген адамның қолынан келмейді. Қас қағым сәтті қалт жібермеу, сезімді селт еткізу кәсіби шеберлердің ғана қолынан келеді. Көрмеге қойылған фототуындылардың ішінде бұрын көргенім бар, көрмегенім бар, сұлулығына сұқтандық, әсемдігінен әсер алдық, жарасымдылығынан жанымыз жай тауып отыр. Ел ішінде «Уақытты тоқтату құдірет иесінің ғана қолынан келеді» деген сөз бар. Уақытты тоқтата білген Алтекең қандай қошеметке болсын лайықты, – деді Масат Әшімұлы.

    Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы, журналист, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы республикаға аты белгілі бірқатар фотографпен жақын араласқанын, өз облысымыздың фотографтарының жұмысын олардың деңгейімен салыстырып отыратынын сөз етті.

    – Алтынбек Қартабай фотосуретті өнер деңгейіне көтерді және ол облыстағы бірінші қазақ фотограф. Оған дейін шетелдіктер түсірген суреттерге тамсанып жүретінбіз. Туындыларына зер салсақ, табиғаттың пейзаждары қандай керемет! Оны көре білу, сүйсіне білу керек. Қазақтың қыз-келіншектерінің сұлулығы, сән-салтанатын бізге ғана емес, әлемге көрсетіп жүр, – деді К.Сәттібайұлы.

    Фотокөрмеде Қазақстанның Құрметті журналисі, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан, аталған театрдың реквизиторы,  «AR-AI» жастар газетінің алғашқы бас редакторы Болат Бекжановтың жан жары Жалғат Айтуева, «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев, ақын, журналист Азамат Есалы, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев, «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков ізгі тілектерін арнады.

    Иә, кездейсоқ адам сапалы сурет түсіре алмайды. Өңірдің географиялық әлеуетін таңбалап жүрген ол фотоөнердің 24 жанрының 15 шақтысын толық игерген. Осындай табанды еңбегінің арқасында Алтынбек Болатұлы еліміздегі 500-ге жуық фотографтың алғашқы ондығының тізіміне еніп отыр. Талант иесінің бүгінде жеке тұлғалық құнды құжаттары мен таңдаулы 500 фотосуреті Тараз қалалық мемлекеттік архивінде сақтаулы.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

«AR-AI». - 2024. – 4 қыркүйек  (№68). – 8б.

Яндекс.Метрика