Жыры барда ақынның аты өшпейді. Ал, ақынын ардақтауды алғаусыз міндеті санаған елдің көгеріп көктей түсері хақ. Жамбыл жұртшылығы бұл міндетті мүлтіксіз орындап келе жатқанына куәміз. Осы мақсатта облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана ұжымы отыз жаста опат болған қазақтың күрескер ақыны Бауыржан Үсеновты еске алуға арналған «Жыр нөсерін жіберсем құйып, құйып...» әдеби артбук кешін ұйымдастырды.
Іс-шара тізгінін кітапхана қызметкері, белгілі журналист Ерман Әбдиев алды. Әдеби артбукқа қатысушылар ең әуелі Бауыржан Үсеновтің мұзбалақ ақын Мұқағалидың сөзіне жазылған «Тымырсық» әнін тыңдап, шайырға деген сағыныштарын әнмен басты.
Қазақ өлеңінің аспанында жасындай жарқырап, бар-жоғы отыз бір жыл ғұмыр кешіп, ерте сөнген ақынның әдеби мұрасы бүгінде тұтас буынның рухына дем беріп, жас қаламгерлердің қаламына дәт беріп келеді. Ал, ақын достарын еске алғанда тай құлындай тебісіп бірге жүрген жолдастары ерекше тебіренеді. Себебі, көзі тірісінде Бауыржан Үсенов айналасын толқытып, толғандырып жүрген азамат һәм ақын болған деседі. Атап айтқанда, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі Амангелді Әбіл, республикалық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, журналист Шоқан Сыздықұлы, облыстық «Әулиеата» газетінің бас редакторы Қуаныш Сабырұлы, ақын, журналист Нұржан Қадірәлі, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Есен Өтеулиев, «Aulieata-Media» ЖШС цифрлық контент орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Рахымбай қатысып, ақынның тағдырлы туындылары туралы жан-жақты әңгімелеп, өлеңдерін оқыды.
Әдеби еске алу кешін ақынның досы, қаламгер Амангелді Әбіл аққан жұлдыздай өмірден ерте кеткен замандасының өлеңдерінен үзінділер оқып, Бауыржан ақынның ел білмейтін қырлары туралы баяндап берді. Ақын 1986 жылы әйгілі Желтоқсан оқиғасына қатысып, «Осы көтеріліс – еліміздің Тәуелсіздігінің бастауы» деп айтқан екен. Оның «Түсімде желбірейді – бөрі Байрақ» деген өлең жолдары да халқының азаттығын аңсаған ақынның күрескерлік қасиетін айқындап тұрғандай. Бұл жөнінде ақынның өзге де көзкөрген курстастары тебірене айтып берді. Ал, ақынның туған бауыры, бүгінде Халықаралық Тараз инновациялық институтының ұстазы Біржан Үсенов жас күнінде ағасының қамқорлығын көріп, жолдастарының жанашырлығын молынан сезінгенін айтып берді. Өз сөзін ол ағасының ел ести бермейтін «Перронда», «Тымырсық» сынды әндерімен жалғап, келген көпшіліктің көңіл қылын әнмен шертіп тербеді.
Қазақ ақындарының қилы тағдыры кімді де болсын күрсінтпей һәм күңірентпей қоймайды. Ал, Бауыржан ақын өз жырларында келешекті де еркін болжап кеткенін аңғару қиын емес. Бір өлеңінде ол «ізімнен ерген екі бөлтірік арлан болғанша қай заман?» деп күңіренеді. Бүгінде қос бөлтірігі шын арланға айналып, тұңғыш ұлы Талғат әскери қызметте табанды еңбек етіп жүрсе, кенжесі Мұхаммедсалық жеті тілді жетік меңгеріп, Әулиеата өңірінде өз кәсібін дөңгелетіп жүр. Кешке арнайы қатысқан Мұхаммедсалық Бауыржанұлы өз әкесі туралы ерекше естеліктерімен бөлісті.
– Әкем өмірден озғанда мен бар-жоғы үш жасар бала едім. Әкем туралы естеліктер санамда көмескі тартып тұрады. Әрине, бұл менің жаныма батады. Әкеме келгенде менің жан дүниемде үнемі толассыз арпалыс болып жататынын жасыра алмаймын. Кейде ұлттың ертеңі үшін күрескен осындай азаматтың перзенті болғанымның өзі үлкен жауапкершілік жүктейтінін жан-тәніммен сезінемін. Себебі, әкемді біріншіден ақын, екіншіден Алаш қайраткерлерінің ізін жалғаушы азамат деп білемін. Ал, менің осындай азаматтың ұлы ретінде жаман адам болуға әсте хақым жоқ. Әкем үміт еткен арланға айналу үшін өз қызметімді адалынан атқаруға күш саламын. Әкемнің жырлары бойыма қуат береді. Жаным шөлдегенде әкемнің кітабын парақтаймын, – деп тебіренді ұлы.
Ал, әдеби ортада қолтаңбасы қалыптасқан белгілі ақын Нұржан Қадірәлі Бауыржан Үсеновтың ізбасары ретінде ақынның әйгілі «Қара машинасының» атын жаңғыртып «Қара машинаның ізімен» деген сиясы кеппеген жаңа өлеңін көпшілікке оқып, қошеметке бөленді. Әдеби артбукты отыз жыл ғана ғұмыр кешіп, отты өлеңдерін кейінгі азат елге аманаттап кеткен шайырдың келіні, «Авангард» поэтикалық жобасының авторы Арайлы Жақсылық қорытындылады. Өз сөзінде ол атасының әдеби мұрасын насихаттау мақсатында жүйелі жұмыстарды қолға алғанын айтып, ақынның ізгі болмысын бүгінге дейін саналарынан сөндірмеген алдыңғы буын ағаларға алғысын жеткізді.
Думан САХИ.
«AQ - JOL». - 2024. – 12 қыркүйек (№104). – 8б.