Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Балалар әлемінің бағбаны

    Шоқан Уалиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Ел болып оқимыз» облыстық жобасы аясында «Шынайы шығармалары әдебиетімізбе бірге жасайды» тақырыбында белгілі балалар жазушысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлдихан Қалдыбаевты еске алу кеші өтті. Іс-шараны Ақпарат саласының үздігі, аталған кітапхана қызметкері Ерман Әбдиев жүргізіп отырды

    Алғаш болып сөз алған жазушы, Қазақст анның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы әдебиетке өлшеусіз қызмет еткен жазушының адамгершілікке толы ізгі қасиеттеріне тоқталды. Ол: «Уақыт өткен сайын биіктейтін, жылдар өткен сайын сағындыратын тұлғалар болады. Әлдихан жазушы – сондай тұлға», – деді. Ақпарат саласының үздігі Маханбетәлі Дүйсебаев жазушының «Көк дөңгелек», «Шаншар атай» шығармаларын, «Мен – апамның баласымын» деген романын терең талдап өтті. Әсіресе, «Мен – апамның баласымын» романындағы әрбір шт рихт ар мен бояуларға, толғаныстар мен т апқырлықт арға назар аудара сөйледі. Оқушы Әлдештің басындағы оқиғалар, өзінің досымен атпен шауып жарысуы, аяғының сынуы, апасына еріп өзі жақсы көретін қыздың келуі бәрі-бәрі қандай нанымды десеңізші! Ал белгілі журналист, «Құрмет» орденінің иегері Ақылжан Мамыт жазушының кісілік болмысына, ақылды шешімдеріне тоқтала келіп: «Әлдихан аға – менің ұстазым. Ол кісі облыстық «Аq jol» газетіне он жыл бойы бас редактор болғанын білесіздер. Жуалыда аудандық газетте істеп жүрген кезімнен шақырып алды. Әуелі тілші, көп ұзамай экономика бөлімінің меңгерушісі қызметіне жоғарылатты. Мәселе, маған қызмет бергенінде емес, қаламының желі бар жастарды тани білгенінде. Сол Қалдыбаевтан келе жатқан жақсы үрдіс жалғасуда. Ол – қазақ балалар әдебиетінің дара тұлғасы», – деді.

    Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Советұлы ең алғаш республикалық «Балдырған» журналы арқылы Әлдихан Қалдыбаевпен рухани танысқанын, кейінірек әкесі Совет Әлімқұлов сүйікті жазушысымен арнайы жүздестіргенін айтып өтті. Балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген азамат, облыстық «Аq jol» газетінің аға тілшісі Марат Құлибаев тұлғаның шығармаларын «Балдырған» журналымен байланыстыра сөйлеп, жазушының бірнеше кітаптары туралы жылы пікірін айтты.

    Кеш барысында кітапхана қызметкері Алтынай Әбдірайымова салиқалы басқосуды сазға бөледі. Осылайша, балалар жазушысына арналған еске алу кеші әсерге толы болды. Оқырман жазушыны шын көңілімен сағынған екен. Біз Әлдихан Қалдыбаевтың тағылымға толы шығармалары жас ұрпақ санасында жаңғырып, жасай береріне көз жеткіздік.

Есет ДОСАЛЫ

«AQ - JOL». - 2024. – 5 қазан  (№115). – 3б.

Яндекс.Метрика