Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Ұрпақтар ұлықтаған ұлы тұлғалар

    Қазақ халқы үшін ерен еңбегін сіңіріп кеткен тарихи тұлғалар жетерлік. Олардың қатарында заңғар тұлғалы үш бәйтерек – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіров бар. Алаш арыстарының туғанына биыл 130 жыл толып отыр. Осыған орай, «Оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасы «Үш арыс, үш бәйтерек» атты облыстық шығармашылық байқауын ұйымдастырды.

    Байқау екі кезеңнен тұрды және 14-21, 22-35 жас аралығын қамтыды. Алғашқы қалалық және аудандық кезеңдерінде кітапханалардың белсенді оқырмандары «Алаштың үш арысы» шығармаларынан мәнерлеп жатқа өлең оқу, «Үш бәйтерек – үш ғұмыр» тақырыбында эссе жазу, тақырыпқа қатысты әлеуметтік желіде 2-3 минуттық бейнеролик жариялау, сұрақ- жауап кезеңі, яғни төрт шарт бойынша сынға түсіп, үздіктері анықталды.

    Қалалық және аудандық кезеңнен озған жүйріктер аталған кітапхананың мәжіліс залында облыстық кезеңде бақ сынасты. Қазылар алқасы үміткердің дауыс мәнеріне, орындау шеберлігіне, дауысының үйлесіміне, ойын толық жеткізе алуына ерекше мән берді. Сонымен қатар, эссе жазу тәртібінің сай болуына да назар аударды. Әлеуметтік желіде жариялаған роликтің маңыздылығы, үміткердің сұраққа жауап кезіндегі шеберлігі де есепке алынды. Облыстық кезеңде қазылар алқасын Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Мақтақыз Жеңсікбаева басқарса, аталған облыстық кітапхананың бөлім меңгерушісі Ақмарал Құрманова және «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігінің төрайымы Марал Хантөреқызы қазылар құрамынан табылды. Әр ауданнан озып келген жүйріктер алуан түрлі ерекшеліктерімен қуантты. Олардың арасынан 14 жастағы оқырмандар Т.Рысқұлов ауданынан келген Айшуақ Жорабекті, жуалылық Бауыржан Қанатбекті, қордайлық Нұрай Тұрғанбайдың жеңіске құштарлығын ерекше атауға болады. Сонымен қатар, 22- 35 жас аралығында бақ сынаған байзақтық Зарина Сатышева да, құландық Нұршат Ерсайын да жақсы дайындықпен келгенін байқатты. «Бұл байқауға үміткерлердің жақсы дайындықпен келгені қуантты. Үш арысымыздың өнегелі өмір жолын, шығармаларын кітапхана оқырмандары және көпшілік білгендері өте маңызды. Олар қазақ халқының өркендеуіне қызмет еткен дара тұлғалар», – деді қазылар алқасының төрайымы Мақтақыз Зиятбекқызы.

    Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде иесі және жүлдегерлер анықталды. 14-21 жас аралығындағы бас жүлдені – Жамбыл ауданынан келген Жанболат Бақытұлы, I-ші жүлделі орынды жуалылық Бауыржан Қанатбек, ІІ-ші орынды – қордайлық Нұрай Тұрғанбай, ІІІ-ші орынды Талас ауданының оқырманы Жаңабай Бекайым иеленді. 22-35 жас аралығындағы бас жүлдені Т.Рысқұлов ауданының оқырманы Нұршат Ерсайын иеленсе,

    I-ші жүлделі орын Байзақ ауданынан келген Зарина Сатышеваға бұйырды. Байқау қатысушыларының барлығына арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

Есет ДОСАЛЫ

«AQ - JOL». - 2024. – 8 қазан  (№116). – 8 б.

Яндекс.Метрика