Жамбыл жері қашанда қасиетті топырағынан шыққан таланттарын қолпаштап, құрмет төріне шығарудан айныған емес. Сондай таланттың бірі, таластық Үміт Битенова жуырда ғана алпысты алқымдап, ақынның мерейлі жасы өңірде дүркіреп өткен еді.
«Қаламгер тойы – халықтың тойы» дегеннің айқын мысалындай боп күні кеше Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Үміт Қыранқызының «Жүрек үні: Өлеңмен өрілген үміт» тақырыбында әдеби шеберханасы ұйымдастырылды.
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеп, жүрегінен өріле туған өлең-жырды олжа етіп, ақ қағаз бетіне түсіріп жүрген дара болмысты шығармашылық иесі Үміт Битенованың әдеби шеберханасына өңірдегі зиялы қауым өкілдері, ақынның замандастары, жақындары, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріп Дәулетбаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марат Құлибаев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Жайдарбекқызы, облыстық мәслихат депутаттары, «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ облыстық филиалының төрайымы Жанат Бастаубаева, Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова, облыстық «AR-AI» газетінің тілшісі Құралай Сейсенбекқызы және қаламгердің жолдасы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, айтыскер-ақын Ербол Қамбатыров келіп, қызықты әңгімелер, жылы лебіздерімен бөлісті.
Айтбала Жолмаханова Үміт Битенованың студенттік досы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, астаналық ақын-композитор Әкім Ысқақтың құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, іс-шара барысында Үміт Қыранқызының шығармашылығы турасында пікірін ортаға салды.
– Педагог ретінде, әсіресе, бір істі бастар кезде сіздің өлеңдеріңіз бізге күш-қуат береді, әлеуетімізді ашады. Кейбір өнер адамдарында шығармалары жоғары деңгейде болғанымен, өздерінің мінез-құлық, табиғаттарында бір «әттеген-айлар» кездесіп қап жатады. Алла тағаланың шеберлігі шығар, осындай өнегелі отбасы, әдемі жұп айналасына өмір сүруді үйретеді. Сіздерді көріп елдің бәрі бақытты өмір сүруге талпынады, – деп ағынан жарылды ұстаз.
Кеште ақынның «Үшаралым», «Мама» әндері орындалып, «Бүгін мейрам», «Күз», «Таразым», «Кітапханашы», «Жан құрбым» өлеңдері оқылды. Арнайы Меркі ауданынан №44 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мадияр Бекбергенұлы, Марал Хантөреқызы және Әзиза Әскербек, Зере Емберген, Айлун Темаева есімді 6-сынып оқушылары Үміт Битеноваға арнауларын оқыды.
АРАЙЛЫ ЖАҚСЫЛЫҚ
«AQ - JOL». - 2024. – 5 қараша (№127). – 8б.