Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы «Ел болып оқимыз» жобасы аясында белгілі ақын, әнші-сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенованың әдеби-сазды кешін ұйымдастырды. Өмірін өлеңмен өрнектеген ақынның 60 жас мерейтойына орай өткен кеш «Жүрек үні: Өлеңмен өрілген үміт» тақырыбында өрбіді.
Әдеби кешке облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріп Дәулетбаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, балалар жазушысы Марат Құлибаев, облыстық мәслихаттың депутаттары Жанат Бастаубаева мен Айтбала Жолмаханова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Жайдарбекқызы, жас ақын Арайлы Жақсылық және ақынның жолдасы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров қатысты.
Әуендері ән болып төгіліп, жыры гүл болып егілген кешті ақын Марал Хантөреқызы тізгіндеп, кеш иесінің құрметіне өлең арнады. Оқырмандарға ақын шығармашылығына арналған кітап көрмесі таныстырылып, өмірінен сыр шертер бейнеролик көрсетілді.
Кеш қонақтарының кейбірі жұбы жазылмаған ерлі-зайыптының отбасының татулығының сыры неде екенін білгісі келді.
– Өмірлік серігім Ербол екеуміздің аналарымыз бір сыныпта оқыған. Кейін біз де аналарымыз секілді бір балабақшаға, бір мектепке барып, өсіп-жетілдік. Бір шаңырақ астындағы 36 жылымыздың 34 жылын үйде де, жұмыста да бірге өткіздік. Тек екі жыл ғана бөлек мекемеде жұмыс істеппіз, қалған уақыттың бәрінде біргеміз. Қазіргі таңда үш ұл тәрбиелеп, немере сүйген жандармыз. Менің барлық өлең-жырым жолдасыма арналған. Жалпы кешке атсалысқан, қатысқан барша оқырмандарыма алғысым шексіз! – деп ризашылығын білдірді кеш иесі.
Кеш иесінің жолдасы Ербол Қамбатыров та жұбайына деген ізгі тілегін арнап, Үміт Қыранқызының әні мен сөзіне жазылған «Қыздар-ай, қыздар!» әнін нақышына келтіре орындап берді. Өлеңмен өрілген ақынның кешінде кітапхана қызметкерлері де бар өнерін ортаға салды. «Үшаралым», «Мама» әндері орындалып, «Бүгін мейрам», «Күз», «Таразым», «Кітапханашы», «Жан құрбым» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Меркі ауданындағы №44 жалпы орта білім беретін мектептің 6-сынып оқушылары Азиза Әскербек, Зере Емберген, Айлун Темаева Үміт Қыранқызына өз арнауларын оқып, жиналғандардың ықыласына бөленді.
ҚҰРАЛАЙ СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
«AR - AI». - 2024. – 6 қараша (№86). - 3б.