Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «AR-AI» жастар газетінің тілшісі Құралай Сейсенбекқызы жастармен кездесті.
«Журналистика – армандаған мамандық» тақырыбында өткен кездесуде Құралай Сейсенбекқызы журналист мамандығының қыр сыры жайында кеңінен баяндап, еңбек жолында кездескен қызықтар мен қиындықтар туралы әңгімелеп берді.
– Журналистикадағы еңбек жолымды ең алғаш облыстық радиода бастадым. Сол кезде тікелей эфирде жаңалық жүргізу маған жүктелген еді. Осы жұмыстың қиын да қызықты сәттері әлі есімде. Одан кейін Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде 9 жыл тілші болып қызмет еттім. Қалалық басылым қанатымды қатайтқан бірден-бір мектеп болды, – деді Құралай Сейсенбекқызы.
Сонымен қатар қаламы қарымды қаламгер кітапхана оқырмандарының қазіргі қазақ журналистикасы төңірегіндегі және жеке шығармашылығына қатысты сауалдарына жауап беріп, еркін пікір алмасты.
«AR-AI»-ақпарат
«AR - AI». - 2024. – 8 қараша (№87). - 2б.