«Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасады деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді», – деген Мемлекет басшысының сөздері кітапханашы қауымына да үлкен жауапкершілік артуда.
Ұлы Отан соғысының қасіретті жылдары бізден күннен-күнге алыстап барады. Кітап оқу өткен мен болашақты біріктіретін тірі жіпті үзбеуге көмектеседі. Ұлы Отан соғысы оқиғалары бізден ілгерілеген сайын, соғұрлым құнды тарихи, әдеби және өнер туындылары – тарих беттерінің айғағы.
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітап қорында жалпы Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ұлы Жеңіс тақырыбында түрлі атаумен 287 басылым бар. 200-ден аса басылым мемлекеттік тілде шығарылған.
Кітапхана оқырмандарды Ұлы Отан соғысы туралы шығармалар, көркем әдебиеттермен таныстыру, оқырмандардың қызығушылықтарын арттыру, қазақстандық майдангер-жазушы, ақын, журналистердің есімдері мен ерліктерін, соғыс бейнесін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан авторлардың еңбектерін насихаттау, жастардың бойында ата-бабаларының көрсеткен ерліктеріне, тыл еңбеккерлеріне деген құрмет, туған өлкесіне деген патриоттық сезімдерін тәрбиелеу, оларды адалдыққа, ерлікке, отансүйгіштікке баулу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Осы мақсатта жыл басынан Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс ұмытылмайды» тұрақты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылуда. Көрме оқырмандарды Екінші дүниежүзілік соғыс оқиғаларына арналған басылымдармен таныстыруда.
Кітап көрмесі бірнеше бөлімнен тұрады:
«Қаһарлы жылдар шежіресі» – кітап қорында Ұлы Отан соғысы, жауынгерлік ерліктер, «Батыр қалалар» және тағы басқа әдебиеттер ұсынылған.
Бұл бөлімде Ұлы Отан соғысы кезінде Алматыда жасақталған 100-ші, Ақтөбеде жасақталған 101-ші қазақтың ұлттық атқыштар бригадаларының өмір-тіршілігі, отты жылдар кезіндегі жорық жолдары мен жекелеген жауынгерлер ерлігі туралы көрсетілген Тілеу Көлбаевтың «Өшпес даңқ», қазақстандық Кеңес Одағы батырларының ерлікке толы өмірбаяндарынан құрылған «Қазақстандық Кеңес Одағының батырлары» энциклопедиялық жинақ, Ұлы Отан соғысының негізгі тарихи кезеңдері мен тылдағы қарапайым халықтың жанкешті еңбегін көрсетіп, Жеңістің қайталанбас қуанышты сәттеріне қатысты архивтік фотосуреттер мен деректі материалдар қамтылған, «Жеңіс» фотоальбомы, «Ерлікті сүйген ел нұрлы» кітап-фотоальбом, Нұрперзент Домбайдың «Ерлік – елге мұра», Тілеу Көлбаевтың «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!», Бисен Жұмағалиевтің «Қазақтар Ленинград майданында», Керейхан Аманжоловтың «Ерліктің жарқын беттері», Сағадат Нұрмағанбетовтің «Жауынгер жолы», «Ерлік ұмытылмайды», «1941. Брестская крепость», «Казахстан в период ВОВ», И.Глошконың «Великой Победе священная память», «Война под крышами», «Өрт жылдардың отты жандары», «Жамбыл облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында» және көптеген басылымдар ұсынылған.
Келесі бөлім – «Қазақстандық жауынгерлер Ұлы Отан соғысы майданында» деп аталады.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы Қазақстан жауынгерлері жаппай батырлық пен ерлік таныта отырып, барлық жауынгерлік майдандар мен шайқастарға қатысты. Соғыс жылдарында майданға 1 миллион 200 мың қазақстандық жұмылдырылып, 600 мыңнан астам адам қаза тапты. Қазақстаннан 100 мыңнан астам жауынгер ордендермен және медальдармен марапатталды, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Қазақ ССР-нің әскери комиссариатымен сол сұрапыл соғыс жылдары соғысқа шақырылған 50-ден астам қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, орыс сынды ұлт өкілдерінен шыққан нәзікжандылардың ерліктерін көрсеткен «Өрт жылдардың отты жандары», «Арулар отты жылдарда», «Ұмытылған қаһармандар», «Ер есімі – ел есінде», «Батырлар қалмас беймәлім», «Герои Великой Победы казахстанцы», А.Сергеевтің «Война рождает героев», К.Турсункуловтың «Они не вернулись», Б.Момышұлының «Генерал Панфилов», В.Григорьевтің «Панфиловцы», «Қазақ жауынгерлері ҰОС майданында» басылымдары да оқырмандарымызға еліміздің жылнамасына есімі алтын әріппен жазылған батырларымыздың ерліктерін айшықтайды.
Жамбыл облысына келсек, өңірімізден соғысқа 100 мыңға жуық азамат аттандырылды. Жамбылдықтардың өшпес ерліктері жөнінде сарғайған газет беттері мен кітаптар сыр шертеді. Тек Жамбыл облысының өзінен Кеңес Одағының Батыры мен «Данқ» орденінің толық кавалері» атағын 18 адам алды. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы, Кеңес Одағының Батырлары Ағаділ Сухамбаев пен Сәду Шәкіров бар.
Халық батыры Б.Момышұлы: «Болып өткен соғыста ешкімнің де батыр болғысы келген жоқ, атын шығарғысы келген жоқ, бірақ әрбір азамат фашизммен күресудегі жалпы іске өзінің үлесін қосқысы келді. Сондықтан да қаза тапқан батырлардың есімдері халық есінде мәңгі сақталуы тиіс», – деп атап көрсеткен еді. «Боздақтар» кітабы да тап сол айтылған тамаша сөзге сай жазылып, жарық көрген болатын.
«Боздақтар» – Отан қорғау жолында құрбан болған жамбылдық боздақтарға ескерткіш-кітап.
Ұлы Отан соғысы майданында қаза тапқандар, соғыстан аман елге оралып, еңбекке араласқан батырлар есімдерін қамтыған 3 томдық «Зерде» естелік кітабы, сол сұрапыл соғыста ерлікпен шайқасып, елге аман-есен қайтқаннан кейін халық құрметіне бөленген жамбылдық жауынгерлерге арналған «Ардагерлер», Жамбыл облысынан аттанып, екінші дүниежүзілік соғыс майдандарында ерліктерімен өздерін мәңгі даңққа бөлеген Кеңес Одағы Батырлары мен «Даңқ» орденінің толық иегерлері, әскери бөлімдерді басқарған сардарлар мен қатардағы жауынгерлер жайлы әр жылдары мерзімді басылымдарда жарияланған көркем очерктер мен мақалалар, майдангерлердің елге жазған хаттары, ұрыс даласынан оралмаған ақындар өлеңдері, толғаныстары енгізілген. «Еріне қарап, елін таны», журналист-жазушы Мақұлбек Рысдәулет мұрағаттың құжаттары негізінде жазған «Мәңгілік ерлік» және «Жамбыл батырлары» кітаптары да сұраныста.
«Майдангер қаламгерлер естеліктері» бөлімінде соғысқа қатысқан батыр, ардагер қаламгерлердің естелік еңбектері ұсынылған.
Атап өтсек, Кеңес Одағының Батыры, белгілі ғалым, жазушы Мәлік Ғабдулиннің Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында, Мәскеу түбінде, неміс басқыншыларына қарсы асқан жанқиярлықпен күрескен қазақстандық жауынгерлердің қаһармандық ерліктері хақында жазылған әңгімелері мен очерктері енгізілген «Менің майдандас достарым», соғыстың сұрапыл күндерінде бастан кешіп, көзбен көрген отты жылдардың қаһармандары жайлы жазылған очерктері мен майданда жазылған күнделігі, сондай-ақ өзі жақсы танып білетін жандарға жазған хаттары жинақталып берілген «Алтын жұлдыз» кітаптары қамтылған.
Адамзат тарихындағы ең қаһарлы соғыс күндеріне арнай отырып, халқымыздың елдік, ерлік қасиеттерін бейнелеп берген жазушы Тахауи Ахтановтың қазақ әдебиетіндегі Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған таңдаулы шығармаларының бірі – «Қаһарлы күндер» романы.
Халық қаһарманы, партизан жазушы Қасым Қайсеновтың жау тылында жасаған ерліктері арқау болған «Жау тылында» шығармасы, Кеңес партизандарының жау тылындағы ерліктерін баяндайтын «Жас партизандар», белгілі жазушы Тахауи Ахтановтың Мәскеу түбіндегі үлкен айқас сахнасы, даңқты генерал Панфиловтың 8-ші гвардия дивизиясының ерлігін, табандылығын көркем суреттеген «Қаһарлы күндер» романы, отты жылдарда басынан аяғына дейінгі жайды баяндаған Сағынғали Сейітовтың «Майдангер» кітаптары және басқа да басылымдар қойылған.
Аталмыш бөлімде сұрапыл соғыс жылдары төзімділік пен шыдамдылық, қайсарлық сынағынан өткен жауынгер, әскери жазушы Бауыржан Момышұлының кітаптары да оқырман назарына ұсынылған. Атап өтсек, Г.Панфиловтың мерейтойы қарсаңында Мәскеудегі Ресей мұрағатына айлар бойы ізденіп, генералдың өзімен кездескен тұстарын еске ала отырып, Б.Момышұлының жазған «Генерал Панфилов» шығармасы, соғыстың ауыртпалығы мен қиыншылықтарын арқау ете отырып, жазушының басынан өткізген күрделі оқиғаларды баяндайтын «Курляндия майданы», егеменді еліміздің жастарын Отанымызға қорған болар жауынгерлік рухта тәрбиелеу үшін даңқты әскери қолбасшының қанатты сөздерінен құрастырылған «Қолбасшы күнделігі», қазақ әдебиеті тарихындағы соғыс тақырыбына жазылған тұңғыш шығарма әрі әскери мемуар «Москва үшін шайқас» романы, Бауыржан Момышұлының 2010 жылы 100 жылдық мерейтойына орай «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының негізін қалаушы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы әзірлеп, жарыққа шығарған 32 томдық шығармалар жинағы көпшілік назарында.
Майданда ерлік жасаған қаһармандардың ұмытылып кеткен есімдерін өңір тұрғындарына таныту, олардың ерлігі мәңгілік екенін және мақтаныш ету біздің міндетіміз. Ерлік ешқашан ұмытылмайды және ұмыт та қалмайды.
Кітапхана қорындағы жинақталған рухани мұра жастар бойындағы патриоттық сезімін оятуға өз септігін тигізері сөзсіз.
Эльмира АБДИНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық
әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры.
«AQ - JOL». - 2025. – 20 қаңтар (№20). – 6 б.